ТКШ

Тұрғындар мен кәсіпкер арасындағы ұзаққа созылған дау


 

 Парк көшесі, 53 мекенжайының тұрғындары бір жыл бұрын жанар-жағармай құятын колонкалардың отқа оранғанына куә болыпты. Көпқабатты тұрғын үй, жер үйлер, мектеп және автомобильдерге техникалық қызмет көрсету орны жанармай құю станциясының іргесінде орналасқан. Айта кету керек, соңғы нысан да жерлестерімізге біраз қолайсыздық туғызып отырған көрінеді.

 Виктор Валяев, Парк көшесі, 53  мекенжайындағы үйдің ПИК төрағасы:
-1992 жылы үй тұрғындары бұл нысанның құрылысына рұқсат бермеген. Бізге осы жерде саябақ орнатамыз деп уәде берді. Ал бүгінде жел соқса, техникалық қызмет көрсету станциясы жағынан мұрын жаратын жағымсыз иіс келеді. Оның ішінде жанар-жағармайдың да, сырдың да иісі бар.

Мұның барлығын ойлап, қайғыға батқан Виктор Валяевтың денсаулығы күрт нашарлап кеткен. Тіпті жуырда жерлесіміз инсульт дертіне шалдығыпты. Виктор Валяев бұл жағдайға байланысты 2006 жылдан бері шенеуніктермен үнемі хат алмасып келеді. Құбырды орнатқаннан кейін жолды қалпына келтірмеген жауапты мекемені сотқа да берген. Нәтижесінде “Петропавлскспецкоммунстрой” ЖШС-мен дауласқан жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы жеңіске жетіпті. Ол осы жолы да бәрі ойдағыдай болатынына үлкен үміт артып отыр. Азамат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне де барған. Ондағы мамандар абаттандыру ережелеріне сәйкес, Петропавлда тұрғын үй секторынің ішінде және ортақ жер телімдерінде көліктерді жөндеуге, тазалауға және жууға тыйым салынғандығын айтыпты. Бұдан шығатын қорытынды – техникалық қызмет көрсету станциясы заңсыз жұмыс істеп тұр. Дегенмен бұл нысанды жабуға болмайды. Өйткені бұл жер жалға берілген, ал оның иесі басқа қалада тұрады. Бүгінгі таңда жер учаскесін станция қожайыны Иван Пономарев жалға алған. Тұрғындардың кәсіпкерге шағымдары аз емес. Ал кәсіпкер болса, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандарының зерттеулерін негізге алып, станция талапқа сай жұмыс істейтіндігін алға тартуда. Тұрғындарды мазалап отырған тағы бір мәселе – станцияға кіре-берістің көпқабатты үйдің ауласында орналасқаны. Мән-жайды білуге келген қалалық әкімдіктің өкілдері осы мәселені ғана шешуге көмектеспек көрінеді.

 Тілеубай Есжанов, Петропавл қаласының жер қатынастары бөлімінің бастығы:
-Сіздерге дәл қазір әкімдікке баруға болады. Онда барлығын тексереміз. Егер жер бос болса, онда кіре берісті сол аумақта жасауға болады. Екі ортада ағаш отырғызуға болады. Ол шудың шығуын бәсеңдетеді.

«Парк, 53» мекенжайында тұратын азаматтар мен техникалық қызмет көрсету станциясы иесінің арасындағы дау-дамай көп жылдан бері шешілмей келеді. Қазіргі уақытта олар екі жаққа да тиімді шешім шығару үшін қолдан келгенін жасаймыз деп отыр. Бұл оқиғаның немен аяқталарын уақыт көрсете жатар.

 Айдана Демесінова