Білім

Техникалық шығармашылық байқауы

 

№42 мектептің технология пәнінің мұғалімі Серік Құлғожин  шәкірті Ринат Шөлеповпен бірге көлік нысанының шағын макетін құрастырып жатыр. Оларға бұған қажетті құрал-сайман, модельдің үлгісі мен сызбалар берілді.

Серік Құлғожин, №42 орта мектептің технология пәнінің мұғалімі, Петропавл қаласы:
Оқушыммен бірігіп жасап жатырмыз. Басқа сайыстар да осылай болса екен дейміз. Оқушының білмеген жерін қосып мұғалім көмектеседі. Сонда оқушы тез ұғып, сыныптастарына үлгі қылып көрсете алады.   

Барлық сайыскерлерге қойылған талап бір. Сызбаны дәл өлшеп кесіп жалғау жеткіліксіз. Қарапайым көліктің кішірейтілген үлгісі өздігінен жүруі тиіс.

 Леонид Задорин, технология пәнінің мұғалімі:
-Басты мақсат – мұғалімнің көмегімен оқушыларға техникалық моделдеу үлгілерін үйрету. Қозғалтқыштың орнына резеңке пайдаланылады.
Сырт көзбен қарағанда құрылысы қарапайым болғанымен аса дәлдікті талап етеді. Сәл қиғаш кетсең бар жұмыс далаға кетті деген сөз.  

Ал келесі шеберханада су нысандарының үлгілері жасалуда. Еркебұлан Көпеев осымен 20 жыл Есіл аудандық Николаевка орта мектебінің оқушыларын еңбекке баулып жүр. Шебер шәкірті Азамат Нұрзатаевпен бірге суда жүзетін кеменің үлгісін құрастырып болуға жақын. Қалғаны – желкенін орнатып, еңбектерін сынап көру.

Еркебұлан Көпеев, технология пәнінің оқытушысы, Есіл ауданы:
– Қалаға келіп өзіміздің өнерімізді көрсетіп жатырмыз. Балалар үйренуде. Қолдары жаттығып көпке үйренеді.

Азамат Нұрзатаев, Николаевка орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:
– Еңбекке деген ынтам бар. Бос уақытымды осылай тиімді өткіземін. Осында судомодель жасауды үйрендім. Үйге барғасын мектепте сыныптастарыма көрсетемін.  

Жалпы семинар-байқауда өңіріміздің әр ауданы мен облыс орталығынан тәжірибелі ұстаздар мен шәкірттердің 40-қа тарта жұбы өзара тәжірибе бөлісті.

Жеңіс Ермұқанов