Энергетика

Петропавлда жылу үнемдегіш қондырғы орнатылады

 

 

 

Өңір энергетиктері тасымалдайтын жылудың 20 пайыздан артығы далаға кетеді екен. Жекелеген желілерде шығын одан да асып түсетін көрінеді. Ал жергілікті ғалымдар ойлап тапқан тізбекті насос жылу энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ол үшін ғимараттағы құбыр жүйесін өзгертудің қажеті жоқ.

Фанис Литфулин, “Наносфера” ЖШС менеджері:
– Қондырғы жылу элеваторының торабына жанамалай орнатылады. Ғимаратты жылытып шыққан суды қайта жылыту жүйесіне айдайды. Мына екі бұрандының бірін көктем, күз айларында жауып тастап, қалыпты температураны ұстап тұрудың мүмкіндігі жасалған. Бұған орнатылған есептегіш құрал тек пайдаланған жылуды көрсетеді. Осылайша коммуналдық қызметтің құны әлдеқайда төмен болады.

Ғимаратқа келетін жылуды қажетінше төмендетудің арқасында Оңтүстік Орал темір жолының профилакторийінде биылғы қыста жылуды 300 г/ккал-ге аз жұмсаған. Бұл шамамен өткен 4 айда 600 мың теңге үнемделді деген сөз. Қондырғының біреуі 5 мың шаршы метрлік нысанға жеткілікті екен.

 Фанис Литфулин, “Наносфера” ЖШС менеджері:
– Биылғы жылыту маусымынан насосты жетілдіріп, толық автоматтандырылған түрін орнатамыз. Бұл тағы да шамамен 15 пайызға дейін жылуды үнемдеудің мүмкіндігін береді. Желіге қосқаннан кейін адам қолы керек емес. Қондырғы бағдарламасы өзі қалыпты температураны реттеп отырады.  

Жергілікті ғалымдардың өнертабысы облыс орталығындағы 17 әлеуметтік мекемеде сыналды. 2 жылдық тәжірибенің нәтижесі жаман емес. Орта есеппен жылуды 48 пайызға дейін үнемдейді. Өңірлік жаңашылдық Орта Азия елдерінің инновациялық жобалар байқауында да жоғары бағаға ие болыпты.

 Фанис Литфулин, “Наносфера” ЖШС менеджері:
– Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінде Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Түрік, Тәжік елдерінің ғалымдары бас қосты. Барлығы коммуналдық желіге қатысты 26 жоба қорғалды. Біздің жылу үнемдегіш насосымыздың мүмкіндігі мен сапасы халықаралық сертификатпен расталды.  

Алдағы жылыту маусымында сынақтан сүрінбей өткен жобаны мемлекеттік бағдарлама аясында облысымыздың әлеуметтік нысандарына ендіру жоспарланып отыр.
 

Жеңіс Ермұқанов