Мәдениет

Отбасылық шығармашылық фестивалі


 

Отбасылық фестиваль облысымызда осымен екінші жыл қатарынан өтуде. Бұл шара өңіріміздің берік, әрі өнерлі жанұяларының басын біріктірді. Шараның мақсаты – халықтық педагогиканы және отбасындағы әке тәрбиесінің маңыздылығын насихаттап, ұрпақтан ұрпаққа отбасылық өнерді мирас етіп қалдыру. Фестивальға жиналған жұртшылық сайыскерлердің қолөнер көрмесін тамашалап, мерекеге дайындап әкелген ән-шашуын тамашалады.

Владимир Литвиненко, СҚО балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры:
– Бүгінгі фестивальға тек іріктеп алған өнерлі отбасылар қатысуда. Олар жиналған жұртқа шығармашылық дарынын көрсетеді. Былтыр отбасының шаңырағын берік ету үшін форум өткен болатын. Бүгінгі шарада біз әкелерге арналған байқау өткіземіз.

Әр жанұя өзгелерге үлгі боларлықтай. Байқауға қатысқан отбасылар жылдар бойы жинаған тәжірибелерімен бөлісті. Қолдан жасалған тұрмысқа қажетті бұйымдар Қасымовтардың шебер қолдарынан шыққан. Шаңырағын шайқалтпай екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған Көшербай мен Ақбидай Қасымовтар бүгінгі фестивальға 120-ға жуық ағаш, сүйек және ұсақ моншақтардан жасалған бұйымдарын ұсыныпты.

Көшербай Қасымов, ағаш шебері, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Бүгінгі көрмеге қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын әкеліп отырмыз. Әкеден-балаға мирас болып келе жатқан заттар. Менің жолдасым Ақбидайдың және қызымның жұмыстары бар. Мен өзім ағаш оюмен айналысамын. Осы өнермен айналысқаныма кем дегенде 20 жыл болып қалды.  

Облыстық байқауға аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары қатысуда. Ата-әже, әке-шеше, аға-іні, бәрі де ән айтады, би билейді, салауатты өмір салтын ұстанады. Тату-тәтті шаңырақта ұл мен қыз өсіріп, бүгінде солардан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әжелердің бірі- Мәриям Хамзина. Мәриям апа 5 ұлдың анасы. Бүгінде білгенін келіндері мен немерелеріне үйретеді. Кейуана үлкен отбасымен осындай фестивальге алғаш рет қатысуда.

Мәриям Хамзина, Аққайың ауданы:
– Төр көрпе құрау, кесте тігу, қоржындарды істейміз. Өнерді үйрен де жирен дейді. Халық біздің өнерімізді танысын. Бәрі де осындай ұйымшыл отбасы болсын. Бізден үлгі алсын деп қатысып отырмыз.  

Бүгінгі отбасылық шығармашылықтың облыстық фестиваліне 125 отбасы жиылды. Мерекеге орай барлық жанұяларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 Гүлбану Ахметова