Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХVІІ сессиясы


 

Қазақстан халқы ассамблеясы – түрлі ұлт өкілдері арасындағы келісім мен тұрақтылықты сақтаушы қоғамдық институт. Жылдан-жылға оның рөлі артуда. Қазіргі таңда ассамблеяның белгілі мүшелерін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайлау құқығы берілген.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы саясатының арқасында Қазақстанда сенім мен тұрақтылықтың ерекше үлгісі қалыптасты. Еліміз осы бағыттың арқасында Тәуелсіздіктің 20 жылында талай белестерді бағындырып, әлемге дербес мемлекет ретінде танылды. Біздің облысымыздың қоғамдық-саяси өмірінде ұлттық-мәдени орталықтар лайықты орынға ие.

Отырыста көтерілген мәселелердің бірі – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту. 2020 жылға дейін тұрғындардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс. Елбасы өз Жолдауында осындай міндет қойған болатын. Бұл жұмыстан облыстық ассамблея да шет қалмақ емес.

Тамам Мамедова, әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі жастар клубының басшысы:
– Еліміздің жастары үшін мемлекеттік тілді білу – қарапайым талап. Мен орталықтың атынан әзірбайжан жастары қазақ тілін меңгеріп, оның қолданыс аясын кеңейтуге үлестерін қосады деп сөз беремін.  

Осыдан 3 жыл бұрын облыстық ассамблея жанынан 11 этно-мәдени бірлестіктің жастар қанаты құрылған болатын. Алайда бұл ұйымның жастар саясаты бойынша ұсыныстар әзірлеуі жеткіліксіз. Сондықтан облыстық ассамблеяның төрағасы Серік Біләлов бұл бағыттағы жұмысты «Жас Отан» ЖҚ бірлесе жалғастыруды тапсырды. Өңірімізде жыл сайын 2 мыңнан астам жас маман жоғары білім алып шығады. Олардың тұрақты жұмысқа орналасып, ел болашағын қалауға атсалысуларына аса мән берілуі қажет. “Видергебург” неміс орталығының жастары өзге де өңірлердің ұйымдарымен тәжірибе алмасуға көңіл бөліп отыр.

Эльвира Ковзель, «Видергебург» неміс мәдени орталығы» ҚБ төрайымы:
– Біздің орталықтың жанындағы жастар клубы Қазақстандағы неміс жастары ұйымының құрамына енген. Әрдайым маңызды шараларға белсенді қатысады. Жастар ұйымдарымен бірлесе жұмыс істеуге атсалысады.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының 17-сессиясына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Егор Каппель қатысты.

 Егор Каппель, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі жылдан-жылға артып келеді. Оның ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау тәжірибесі өзге елдердің қызығушылығына ие. Республикалық Ассамблея мен өңірлік филиалдардың арасындағы байланысқа ерекше көңіл бөлінеді. Бұл өте маңызды.  

Жиынның ресми бөлімінен соң марапаттау рәсіміне де кезек жетті. Бірқатар жерлесімтерімізге Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының алғыс хаттары табыс етілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы тағайындаған «Бірлік» алтын медальдары да өз иелерін тапты. Бұл – ортақ еңбегімізге берілген жоғары баға дейді құрметке бөленген түрлі ұлт өкілдері.

 Сағындық Салмұрзин,  «Ұрпақ» қазақ мәдени-ағарту орталығының төрағасы:
– Бұл марапат осы өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің марапаты. Елбасымызға ұлтаралық қарым-қатынас бағытында атқарған жұмысымды бағалағаны үшін алғысымды білдіремін.  

Жиын соңында сессияға қатысушылар үндеу қабылдады. Және үстіміздегі жылы облыстық ассамблея төрағасының орынбасары қызметіне «Видергебург» неміс ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Эльвира Ковзельді тағайындау ұсынылды. Сессияға қатысушылар кандидатураны бірауыздан қолдады.

Инеш Шоқақова