Бизнес және экономика

Жаңа бизнес-жобалар қаралды


 

Қызылжар ауданындағы “Қызылжар құс” ЖШС асыл тұқымды құс өсіру жобасын жүзеге асыруда. Жоспарда құрама жемге қажетті қоспалар өндіретін зауыт салу да бар. Құс фабрикасы толық қуатта жұмыс істеуі үшін инфрақұрылымды жөнге келтіру қажет. Бұл мәселені кәсіпорын басшылығы “Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында шешуді ұйғарған.

Антон Федяев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
– Барлығы 6 құс өсіру алаңын салу жоспарланған. Төртеуі Қызылжар ауданында, екеуі Аққайың ауданында салынбақ. Петерфельдтен Кривозеркадағы құс фермасына 4 шақырым автомобиль жолын салуға өтініш түсті. Жобалау-сметалық құжатты әзірлеу және сараптама жүргізу құны алдын-ала есеп бойынша 2,4 млрд. теңгені құрайды.

Сағындық Бегалин, “Қызылжар Құс” ЖШС директоры:
– Өтінішті бір ай бұрын бергенбіз. Бүгінде жобалау-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобаны жүзеге асыру биыл басталып, келесі жылы мамыр-маусым айында аяқталуы тиіс. Жалпы бұл ауқымды жобаның бірінші кезеңі ғана. 2013-2014 жылдары екінші кезеңі, 2014-2015 жылдары үшінші кезеңі іске асырылады.  

Үйлестіру кеңесінің мүшелері жобаны мақұлдады. Жиында мемлекеттік бағдарламадағы несиенің пайыздық үстемеақысын субсидиялау бағыты бойынша түскен өтініштер де қаралды. “Молпродукт” кәсіпорны жаңа сүт өңдеу цехтары мен қоймалар салып, қолданыстағыларын қалпына келтіруді көздеп отыр. Жобаны жүзеге асыруға 3 млрд. 600 млн. теңге қажет.

 

Мақсат Нұрмахамбетов, “Нұр банк” АҚ басқарма бастығы
– 3 млрд. теңгені несие ретінде біздің банк береді. 600 млн теңге кәсіпорынның өз қаржысы. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша, бюджеттен субсидиялау 7 пайызды құрайды. Мемлекеттен бөлінетін жалпы сома үш жылда 523 млн. теңгеден асып жығылады. Жобаны жүзеге асыру тамыз- қыркүйек айында аяқталады.

Жалпы өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына тоғыз жоба келіп түскен.

Айымгүл Әбілева