Білім

Республикалық олимпиадада солтүстікқазақстандық екі ұстаз жеңіске жетті

 

 

Кеше ғана әткеншек теуіп, зыр жүгірген төменгі буын оқушыларының білімге деген құштарлығын ояту оңай шаруа емес. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Чепурнова қоршаған ортаны тану сабағында мектеп бағдарламасынан тыс әдебиеттерді молынан пайдаланғанды жөн көреді. Білім саласына 25 жылын арнаған жоғары санатты ұстаздың танымдық әуестікті дамыту әдісінің тиімді екені 1-ші республикалық олимпиадада анықталды.

Татьяна Чепурнова, Бірінші қалалық жалпы білім беру лицейінің бастауыш сынып мұғалімі:
– Қашықтықтан өтетін олимпиада жөнінде естігенде білімімді сынап көруге бел будым. Біріншіден өте тиімді – сабақтарыңды тастап алысқа барудың керегі жоқ. Бос уақытымда жарты сағаттың ішінде 30 сұраққа жауап бердім. Қоршаған ортаны тану пәні бойынша еліміздің 1700 ұстазы қатысып, араларында мен екінші орын алдым.

Білім ошағының енді бір ұстазы биология пәні бойынша бақ сынады. 700-ден астам оқытушының алдын ораған Елена Казанцева 1 ұпай айырмасымен екінші орынды иеленіпті. Білім саласындағы ширек ғасырлық еңбек жолында ұлағатты ұстаз түрлі сайыстардың жүзге тарта жеңімпазын тәрбиелеп шықты.

 Елена Казанцева, Бірінші  қалалық жалпы білім беру лицейінің биология пәнінің мұғалімі:
– Білім – теңіз. Тоқтасаң батып кетуің ғажап емес. Білім арнасымен жүзіп өмір бойы оқу керек. Сонда ғана өзгелерді оқытуға құқығың бар.  

 Артур Камальдинов, №1 қалалық жалпы білім беру лицейінің оқушысы:
– Сабақтары өте қызықты өтеді. Интерактивті тақта сынды жаңаша технологияларды пайдаланамыз. Зертханалық жұмыстарды жүргізгенде де материалды ұтымды бергендіктен жылдам ұғып аламыз. Осының арқасында түрлі жарыстарда топ жарып жүрміз.  

Жалпы №1 жалпы білім беретін лицейдегі 86 оқытушының 85 пайызының санаты жоғары. Ұлағатты ұстаздардан тәлім алған 3 оқушы биыл республикалық, енді біреуі халықаралық білім додасының көшін бастапты.

Жеңіс Ермұқанов