Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде көктемгі егіс науқаны басталды



 

Александр Гусев үшін бұл 9-шы егіс науқаны. Тәжірибелі механизатор бастысы ауа райы қолайлы, техника сапалы болуы қажет дейді. Күн шайдай ашық, жаңа «ДжонДир» себу кешені де жақсы жұмыс істеп тұр.

 Александр Гусев, «АКСА-СЕВЕР» ЖШС жұмысшысы:
Бұл техниканың өнімділігі жоғары. Бір кезекте 150-170 га аумаққа дән себеміз. Жердің ылғалдылығы да қолайлы болып тұр.

«АКСА-СЕВЕР» ЖШС алқаптарында таңертеңнен жұмыс қызу жүріп жатыр. Биыл серіктестіктегілер 6 500 га алқапқа дән сіңірмек. Оның 5 мыңы – бидай. Тұқым толықтай дәрі-дәрмекпен өңделіп, көктемгі егіс жұмыстарына ойдағыдай кірістік дейді серіктестік директоры. Жыл сайын тұқым жаңартуға да ерекше көңіл бөлінеді. Биыл 350 га аумаққа жоғары сұрыпты тұқым себілмек.

Файзула Базаров, «АКСА-СЕВЕР» ЖШС атқарушы директоры:
Үкіметтің көмегімен жанармай алынды. Көмек бар. 2 астық себетін кешен жұмыс істемек. 10 адам.  

Апта басынан көктемгі егіске облыстың барлық аудандары кірісіп кетті. Үстіміздегі жылы өңірімізде 4 жарым миллион гектар аумаққа дән себілмек. Алқаптардың 328 мың гектары майлы дақылдарға бөлінді. Қазірде мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Сондықтан жем-шөп қоры 300 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ.

Димаш Таласбаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:
Биыл алқапқа соңғы үлгідегі 960 техника шығады. Жанар-жағармаймен диқандар 92 пайызға қамтамасыз етілді. Бұл 65 мың тонна. Өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 5 млрд теңге қаражат бағытталды.

Сондай-ақ облыста жаңа элеваторлар салынбақ. Нәтижесінде астық сақтау орындарының сыйымдылығы 608 мың тоннаға дейін артады деп күтілуде.

Инеш Шоқақова