Байрақты дода Қазақстанның барлық аймақтарынан және Ресейден келген 250 каратэшінің басын қосты. Ал өңір намысын турнирде 11 спортшы қорғады. Нәтижесінде жерлестеріміз 6 алтын, 2 күміс, үш қол медальға ие болған. 14 жастағы Сұлтанбек Әділбеков 3 орынды еншіледі.
Сұлтанбек Әділбеков, жарыс жүлдегері:
– Мен бірінші кездесуде жеңіп, жартылай ақтық сынға шықтым. Онда жеңілдім. Мен Қазақстанның чемпионы атанғым келеді.
Нұрсұлтан Амандақов чемпионаттан 2 бірдей алтын алқамен оралды. Тартысты додада Нұрсұлтан 5 жекпе-жек өткізген. Оның бәрінде де жеңіске жетті. Ақтық сында спортшы өзімен барған жерлесіміз Темірлан Қадыровпен күш сынасыпты.
Нұрсұлтан Амандақов, жарыс жүлдегері:
– Мен каратэмен 7 жылдан бері айналысамын. Қарағандыға барып үлкен жетістіктерге жеттік. Қарсыластарым өте мықты болды. Алдағы өтетін спартакиадада бірінші орынды алып қайтамыз. Қара белбеуге ие болып, Азия чемпионы болғым келеді.
Каратэ-до шотаканнан өткен ҚР ашық чемпионаты Қарағанды қаласының бас бапкері Георгий Лутошкинді еске алу құрметіне ұйымдастырылыпты.
Асхат Сақыпкереев, СҚ каратэ федерациясының президенті:
– Мамырдың 7-сі мен 8-нде Қарағанды қаласында Қазақстан чемпионаты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша 6 бала чемпион атанды. Бұл жарыс шотаканнан екінші рет өтті. Бірінші рет Шымкент қаласында болды. Қатысқан командалардың дайындықтары өте биік болды. Біздің балалар өздерін жақсы көрсетті.
Спортшыларымыздың алдағы жоспарлары көп. Әзірге жерлестеріміз Көкшетау қаласында өтетін жазғы спартакиадаға дайындық үстінде.
Гүлбану Ахметова