Қоғам

Депутаттар сенбілікте


 

Мир көшесінде орналасқан 127-ші үйдің ауласы еріксіз көз тартады. Мұндағы балалар алаңы түрлі түске сырланып, ауланың көркін аша түскен. Жұмыс толығымен аяқталған жоқ. Үй тұрғындары қолдарына қажетті жарақтарды алып, өз істеріне таңертеңнен білек сыбана кіріскен. Олар әрдайым сенбілік ұйымдастырып, бұл жерді үнемі тазалап отыратын көрінеді. Ауланың осындай күйде болуы жеке пәтер иелері кооперативі төрайымының арқасында дейді тұрғындар. Бұл жолы игі іске халық қалаулылары да қол ұшын тигізіпті

 Лидия Копотилова, ПИК төрайымы:
-Ауланы абаттандыру ісінде қалалық мәслихаттың хатшысы Ләззат Жолмұқанова мен депутат Галина Семенованың көмегі мол. Олар сырлауға қажетті керек-жарақтарды сатып әперді. Сондай-ақ гүл көшеттерін берді. Оларға деген алғысымыз шексіз.

Бұл шара мамырдың 5-інен бастау алған. Қалалық мәслихаттың әр депутаты өз округіндегі аулаларын абаттандырмақ. Балалар алаңдарын сырлау үшін халық қалаулылары 268 мың теңге жинап берген.

 Ләззат Жолмұқанова, қалалық мәслихаттың хатшысы:
– Тазалық үш айлығы аясында ПИК төрағаларымен бірігіп, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Өзіне тиесілі аумақты таза ұстау – әр халық қалаулысының парызы. Қалалық мәслихаттың депутаттары осы іске белсене кірісті.

 Я.Гашек көшесі, 17-а  мекенжайында да жұмыс қызу жүріп жатыр. Бұл үй 40 жыл бұрын бой көтерген. Ауладағы әткеншектердің орнатылғанына да біраз уақыт болды. Тұрғындардың көбі зейнеткер болғандықтан балалар алаңын жиі сырламайды екен.

 Жәмилә Ысқақова:
-1-2 жыл бұрын сырлағанбыз. Қаражат болмағасын қалды боялмай. Депутат көмектесіп жатыр, рахмет. Құм әкеледі, мына ағаштарды кеседі.  

Тұрғындарды кәріздік құдықтың жағдайы да алаңдатып отыр. Депутаттар фракциясының төрағасы Жасұлан Ахметов мұны өз бақылауына алып, мәселені шешуге тырысатындығын айтты.
Демалыс күндері Победа көшесіндегі 7-үйдің тұрғындары да қол қусырып отырмады. Сырдың бір бөлігін сатып алу үшін оларға қалалық мәслихаттың депутаты Сабыржан Тәукелов жәрдемдесіпті.

 Сабыржан Тәукелов, қалалық мәслихаттың депутаты:
-Дәрігер ретінде ауланы тазалықта ұстау өте маңызды екенін айтқым келеді. Мамырдың 5-і де сенбілікке шыққанбыз. Бұл жалғасын табады деген ойдамын.

Жалпы депутаттар 40 аулада абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз деп отыр. Мамырдың 19-ында игі шара сауықтандыру лагерьлерінде жалғасын таппақ.

Айдана Демесінова