Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Іздеушілер» тобы зерде вахтасынан оралды

 

 

Москва-Петропавл бағытындағы жолаушылар поезымен “Саланг” және “Алғыс” әскери-патриоттық клубының мүшелері кезекті “Зерде вахтасынан” оралды. Іздеушілер тобының құрамында СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті Данагүл Ахмеджанова да бар.  

Данагүл Ахметжанова, “Саланг” әскери-патриоттық клубының мүшесі:

– Әрине оңай болмады. Десе де ерлерден қалыспай қазба жұмыстарына толықтай қатыстым. Өз қолыңмен сұм соғыстың қалдықтарын алып шыққанда тарихқа еріксіз саяхаттағандай әсерге бөленесің. Бұл біз мақтан тұтар шежірелі жылдардың көрінісі. Сондықтан Ұлы жеңістің жәдігерлері жер астында қалмауы керек.  

1942-43 жылдары Ресейдің Новгород облысында кескілескен ұрыстар өтті. Отанын жауға бермеу үшін қасық қаны қалғанша алысқан кеңес әскерінің мыңдаған жауынгерлері сол қанды шайқастарда қаза тапты.  

Алпамыс Сұлтанов, “Алғыс” әскери-патриоттық клубының мүшесі:
– Мен “Алғыс” клубына 2 жыл бұрын кірдім. Ресейге бірінші рет бардым. Тула және Орел қалаларында болдық. 2-ші клуб мүшелері 16 сарбазды, біз 14 сарбазды көтердік.

Өкінішке қарай сүйектері табылған жауынгерлердің тек біреуінің ғана кім екендігін анықтаудың мүмкіндігі туған.

Андрей Кошелев, “Поиск” әскери іздеу отрядының штаб бастығы:
– Табылған медальонда Иващенко Украин елінен шақыртылған деп жазылған. Кейін анықталғанындай, ол бұл жердегі соңғы ұрыстан кейін хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Жаудың 2 пулеметшісін жойғаны үшін “Қызыл жұлдыз” орденімен марапатталыпты.  

Өзгелерінің есімдері беймәлім болғанымен, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жандарын пида еткендері айдан анық. Жалпы ТМД елдері жастарының басын қосқан экспедиция барысында 475 жауынгердің сүйегі табылыпты.

Александр Азегов, “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:
– Оған қоса мыңдаған қару-жарақ, оқ-дәрілер, әскери заттар жер бетіне шықты. Отан үшін отқа түскен майдангерлердің сүйектері Ресейдің Ясная Поляна бауырластар зиратына құрметпен жерленді. Ал табылған заттар залалсыздандырылып, мұражайларға тапсырылатын болады.  

Келесі жолы өңіріміздің белсенді іздеушілері көрші елдің Калуга облысына аттанып, игі істерін жалғастыратын болады. Ол жерде сұрапыл соғыс жылдары Ақмола облысында құрылған 387-атқыштар дивизиясы шайқасқан. Құрылым жауынгерлерінің көпшілігі әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандардың қатарында екен.

Жеңіс Ермұқанов