Қоғам

Көктемгі гүл егу басталды



 

Қала саябақтарын көркейтіп тұратын гүлдердің тұқымы алдымен жылыжайларда егіліп, өсіріледі.2-ші жылыжайдың құрылысына қалалық бюджеттен 3 млн теңге бөлініпті. Енді «Коммунхоз» кәсіпорнының қызметкерлері тұқымды өздері сеуіп, оны жетілдіру мүмкүндігіне ие. Бұл ақшаны үнемдеуге де септеседі дейді мамандар. Гүл өсірушілер бұл өсімдіктердің жақсы өсуі үшін өзге де жаңашылдықтар енгізген көрінеді.

Антонина Сулеин, “Коммунхоз” КМК гүл өсірушілер  бригадирі:
Биыл енгізілген жаңашылдықтардың бірі – ұяшықтарға егу. Бұл өте тиімді. Өйткені гүл тамырына еш зиян тимейді, әрі отырғызу да оңай. Бұрын тұқымдарды жәшікке сеуіп, өсіретінбіз. Оны саябақтарға еккенде тамырлары зақымдалатын.

Маусым айына дейін Петропавлда барлығы 400 мың өсімдік көшетін отырғызу жоспарланған. Олардың 60 пайызы шырайгүлдер болса, қалғаны нарғызгүл, тагетес және тағы басқалары. Кәсіпорын қызметкерлері биыл қала саябақтарының бірқатарында раушан гүлін екпек.

 Антонина Сулеин, “Коммунхоз” КМК гүл өсірушілер  бригадирі:
60 тал голландиялық раушан гүлін егуді көздеп отырмыз. Егер оның өсімі ойдағыдай болса, ендігі жылы көбірек отырғызамыз.  

Жеңіс күні мерекесі қарсаңында алғашқы гүлдер Театр алаңына отырғызылды. Бұл жерге негізінен шырайгүлдердің түр-түрі егіліпті. Оларға жақсы күтім жасаса, күз мезгілінде де тұрғындарды әсемдігімен қуантпақ. Жалпы облыс орталығындағы 10 мың шаршы метр аумақты гүлді өсімдіктермен көркейту көзделген.

Айдана Демесінова