ТЖ

Құтқарушылар маусымға әзірленіп жатыр

 

 

Суда құтқарушылар қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күніне 3-4 рет Есіл өзенінде тексеріп-бақылау жұмыстарын жүргізеді. Оның бәрі суда қайғылы оқиғалар орын алмау үшін жасалады. Өзен-көлдерде шомылу маусымы ашылмаса да,  суға түсіп, салқындап алуды жөн көргендер де жоқ емес. Рейд барысында ондайларға ескерту жасалды. Өткен жылдың осы мерзімінде 5 адам суға кеткен болатын. Абырой болғанда, биыл қайғылы оқиғалар тіркелген жоқ дейді құтқарушылар.

Сергей Черкасов, құтқару станциясының бастығы:
Ауа райы жылынған сайын судағы күзет пен бақылау күшейе түспек. Жазатайым оқиғалар болмас үшін алдын алу мақсатында ескерту жұмыстарын жүргіземіз. Суға шомылушылардан өзге, балықшылар да қайықта қауіпсіздік шараларын сақтап, арнайы құтқару киімін киюі керек.

Анатолий Московкин бала күнінен балық аулауға жаны құмар. Осы уақытқа дейін ешқандай келеңсіз жағдайға тап болып көрмеген балықшы су қоймаларының қайсысында болмасын қауіпсіздік шараларын сақтау керек дейді.

Анатолий Московкин:
Балық аулау кезінде бастысы адамның сау болуы керек. Рұқсат етілмеген жерлерде ау құрып, суға түсуге болмайды.  

Құтқару станциясының қарамағында барлығы 31 техника бар. Ал “Gladius” моторлы қайығы үстіміздегі жылы сатып алынған. Оның қуаты 90 аттың күшіне пара-пар. Суда құтқару қызметінде барлығы 28 құтқарушы еңбек етеді. Шомылу маусымы басталысымен құтқарушылар күшейтілген тәртіпте қызмет атқарады. Алайда өзінің сақтығы туралы, суға түсіп, балық аулаған азаматтардың да ұмытпағаны жөн.

Әспет Әбдірешова