Қоғам

Қапаста салынған суреттер

 

 

Көрмеге қойылған суреттер 1920-1950 жылдар аралығында репрессияға ұшыраған жандардың тұрмысынан сыр шертеді. Мұнда 6 суретшінің 30-ға жуық туындысының көшірмесі қойылған.

Ирина Горбацевич, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
Мына суреттерге қарағанда көбіне, онда бейнеленген адамдардың көздеріне назар ауады. Олардың жанарынан репрессияға ұшыраған жандардың азабын, қиын өмірін көруге болады. Кеңес үкіметі кезінде оларға шынайы өмірді бейнелеуге тыйым салынған. Дегенмен, суретшілер шығармалары арқылы бар болмысты жеткізе білді.

“Абақтыдағы суретші”, “Темір тордың ар жағында” және тағы басқа туындылар Юло-Ильмара Соостердің еңбектері. Суретші кезінде «антикеңестік ұлтшылдық сатқындық топқа қатысты» деген айыппен 10 жылға қамауға алынған. Бүгінде оның лагердегі  жұмыстарының, КарЛАГ тұтқындары портреттерінің бірқатары Тарту қаласының мұражайында сақталған.

Ирина Горбацевич, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
Юло-Ильмара Соостер 1970 жылы дүниеден өтті. Ол көз жұмғаннан кейін оның жары Лидия Соостер естелік кітабын жазды. Ал суретшінің ұлы әкесі туралы фильмнің түсірілуіне ықпалдасты.

Түзету лагерьлерінде қарындаш пен бояулардың болмауы  суретшілердің сүйікті ісімен айналысуына тосқауыл болмады. Мұның орнына олар медициналық ұнтақ, тіпті жануарлардың қанын қолданған. Түзету лагерьлерінде жазасын өтеген қылқалам шеберлерінің шығармашылығы, өмірі жайлы ақпараттар оқушылардың зор қызығушылығын тудырды.

Қамауда болған суретшілер туралы көп білдім. Қарындаштың орнына басқа нәрселерді пайдаланып, сурет салғандарына таң қалдым. Мұндағы фотопортреттер ұнады.
Көрме көңілімнен шықты. Пайдалы ақпарат мол. Суретшілердің өнер үшін тәуекелге барғандары таң қалдырды. Туындылары әсерлі, әрі тартымды.

Солтүстікқазақстандықтар бұл көрмені маусым айының басына дейін тамашалай алады.

Айдана Демесінова