Құқық қорғау органдары

Полицияның жаңа аймақтық бекеті



 

 Смирново елді мекенінің тұрғындары енді арыз тапсыру үшін аудандық ішкі істер бөліміне бармай-ақ, жақын жердегі полиция бекетіне жүгінбек. Сондай-ақ, оларға учаскелік полиция инспекторынан кеңес алуға болады. СҚО ІІД бастығы Мұрат Ұрұмханов жаңа полиция пунктінің жұмысымен танысты. Мұнда 4 учаскелік полиция инспекторы қызмет атқармақ. Бекет қажетті құралдармен толықтай қамтылған.

Мұрат Ұрұмханов, СҚО ІІД бастығы:
– Ішкі істер органдарының басты қызметі – қылмыстардың алдын-алу, ашу және тергеу болып табылады. Осындай аймақтық полиция пункттерін құру да осыны көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаспақ.

Аудан орталығының 6 мыңнан астам тұрғыны бар. Сондықтан қосымша аймақтық бекеттің ашылуы қоғамдық тәртіпті нығайтуға жол ашпақ дейді аудан әкімі.

Рүстем Елубаев, Аққайың ауданының әкімі:
– Аймақтық полиция пунктінің ашылуы өте маңызды. Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті күзетіп, қылмыс санын азайтуға бар күштерін салады деп ойлаймын. Құқық бұзушылықтардың да саны азаймақ.

Жиыннан соң ІІД-нің бастығы Аққайың аудандық ІІБ жеке құрамымен кездесу өткізіп, қызмет барысындағы мәселелерді талқылады.

Инеш Шоқақова