Аптадағы маңызды жаңалықтар

Коммуналдық қызметтердің сапасы және тарифтер

 

 

Биылғы жылыту маусымы облыс орталығында қалыпты жағдайда өткен. Алайда  1036 көпқабатты үйдің қысқа 104-і ғана дайындық құжатын ресімдеп кірген. Тұрғындардың аталмыш паспорттарды реттемеуіне жылу энергиясын есептегіш құралдарының жоқтығы себеп. Қазіргі таңда облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің 238-інде ғана жылу энергиясын 30 пайызға үнемдеуге мүмкіндік беретін есептегіш құрал орнатылған. 1 шілдеден бастап жылу энергиясының құнын 15 пайызға көтеру мәселесі қарастырылып жатқандығын ескерсе, бұл петропавлдықтардың аз шығындануының бірден-бір жолы дейді қала әкімі.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
Егер  тұрғындар жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізбесе және үйдің жылыту маусымына әзірлігін растайтын құжаты жоқ болса, жылумен қамтушы кәсіпорындардың жұмыс сапасына шағымдануы негізсіз. Сондықтан пәтер иелері кооперативін құруға ерекше көңіл бөлінуде. Былтыр 5 үйде жеке пәтер иелері кооперативі құрылған.  

Биыл мұндай басқару жүйесі тағы 15 үйде қалыптаспақ. Өйткені пәтер иелері кооперативі жоқ үйлерді жылыту маусымына дайындау өзекті мәселелердің бірі. Жылыту маусымы кезінде петропавлдықтардан көрсетілетін қызметтің сапасына қатысты 22 негізді арыз түскен. Энергетиктердің сөзіне қарағанда жұмыс жүргізілуде. Дегенмен жылу желілерінің тозуы оның сапасын төмендетеді. Сонымен қатар кейбір желілер иесіз қалған. Сондықтан отырыста бос қалған желілерді энергетиктердің меншігіне беру мәселесі талқыланды. Бұған қатысты облыс әкімі бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
6,5 шақырым иесіз жылу желілерін тиісті құжаттарды дайындап, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ меншігіне беру мәселесін қарастыру қажет. Сонымен қатар жылыту маусымы басталмас бұрын бос қалған электр желілерінің 20 шақырымын да кәсіпорынның иелігіне өткізуді тапсырамын.  

Сондай-ақ жиында әлеуметтік нысандардағы жылыту маусымының ұйымдастырылуы мен туындаған мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Саяжай маусымы басталғаннан бері тұрғындардан «Петропавл су» АҚ жазғы су тарату желілеріне байланысты шағымдар түсуде. Саяжайшыларды кәсіпорынның су есептегіш құралды орнатуы мен тарифтің жоғарылатылуы алаңдатуда.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
12 бағбаншылар серіктестігіне «Петропавл су» АҚ қызмет етеді. Қолданылатын судың жалпы көлемі 45 мың текше. Кәсіпорын 1 текше метріне 90 теңгеден төлеуді ұсынып отыр. Бұл осыған дейінгі тарифтен 3 есе жоғары. Осыған байланысты Болат Жұмабеков пен Аслан Сатинге жазғы уақытта тиімді тарифті енгізу жолдарын қарастыруды тапсырамын.  

Отырыста көтерілген мәселелер мен олардың орындалу барысы қыркүйек айында қорытындыланбақ.

Инеш Шоқақова