Қоғам

Театр алаңындағы мерекелік шаралар

 

 

Бүгін сұрапыл соғыста қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етіп, бас иетін күн. Ұлы Жеңіс жолында жанын қиғандардың өшпес ерліктері кейінгі ұрпақтың мәңгі есінде болмақ. Осы естеліктің символы болып саналатын «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенінің маңына дәстүр бойынша ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен кейінгі буын жиылды. Адамзат тарихының ең қайғылы кезеңдерін өз көздерімен көрген қариялар Ұлы мерекені жанарына жас тола қарсы алады. Жауынгерлер отан қорғау жолында соңғы демі шыққанша күрескен уақытта, әйелдер мен балалар таң атқаннан күн батқанша қаһармандық еңбектің үлгісін көрсеткен. Сәнтай Өмірзақова ол кезде 12-13 жаста ғана болыпты. Дегенмен бар қиыншылығымыз әлі күнге дейін көз алдымда дейді ол. Салтанатты митингтен соң солтүстікқазақстандықтар далалық асхана мәзіріндегі тағамнан дәм татты. Ашық аспан астында әзірленген астың дәмі де ерекше болады дейді әскерилер. Дегенмен олар бүгін ботқа әзірлеуге бар шеберліктерін салыпты.  9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні болғанымен, оның салмағы ауыр. Бұл мереке ата-бабаларымыздың жасаған ерліктерін қадірлеп, құрметтеуге арналған. Жеңіс күні ұрпақтар арасындағы үзілмес байланыстың белгісі іспетттес. Адамзат аңсап күткен күннің маңызын бейбіт елдің тұрғындары жіті түсінуде. Сол сұрапыл соғыстың бейнесін бүгін театр актерлері өздері әзірлеген қойылымдар арқылы жеткізді. Онда отандастарымыз қилы кезеңде де қиындыққа мойымай, отан алдындағы міндеттерін абыроймен атқарған батырлар бейнесінде. Әскери киімдегі әншілер орындаған ән мен мерекелік концерт те ардагерлерге арналды. Олар үшін әр ән жанды тебірентер естеліктерге толы. Ал жас буын қанды майданның оқиғаларын осы әндерден ғана естіп, өскен. Отан үшін от кешіп, жанын қиғандармен қатар бүгінде алаңға жиылған соғыс қаһармандарының ерліктерін дәріптеу келер ұрпаққа бұйырған аманат.

Инеш Шоқақова