Қоғам

Орталық алаңдағы мереке

 

 

Орталық алаңда да Ұлы Жеңіс мерекесі ауқымды тойланды. Жиылғандар ардагерлер хорының өнерін тамашалады. Әнші ардагерлер 28 жыл бұрын топтасып, осындай шығармашылық ұжым құрған. Оның құрамына көбіне Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтар енді. Павел Хмельницкий 25 жыл бойы осы хордың мүшесі болған екен. Денсаулығы сыр бере бастағандықтан бүгін ән шырқамай, көрермен ретінде тамашалау үшін келіпті.

Павел Хмельницкий, Ұлы Отан соғысының ардагері:
Патриоттық сарындағы әндер жауынгерлерге қолдау болды. Өлең жолдары арқылы көргенімізді ұрпаққа жеткізуге тырысамыз. Ән шырқағанда қанды шайқас көз алдыма елестейді.

Күлпан Зиенбай мен Күлзи Шаймерденова соғыстың бар ауыртпалығын бастарынан кешірген. Бүгінгі ақ жаулықты аналар қанды шайқас басталғанда не бары 11-12 жаста болыпты. Әйтсе де, балалық шақпен ерте қоштасып, тылда еңбек етуге білек сыбана кіріскен.

Күлпан Жиенбай, еңбек ардагері:
11-12 жасымызда жұмыс істедік. Осы мерекені тойлай берейік аман-есен. Біздің көргенімізді көрмеңдер.
Күлзи Шаймерденова
, еңбек ардагері:
Қазақстанның аспаны ашық болып, соғыс болмасын! Тыныш өмірге ризамыз, енді соғыс болмасын.

Облыстық кітапхананың маңында дала асханасының тағамы әзірленді. Солтүстікқазақстандықтар майдандағы жауынгерлердің асынан ауыз тию үшін кезекке тұруда. Бұл жерде де қала тұрғындары нағыз әскери ботқадан дәм татты. Соғыс басталғанда мыңдаған ержүрек азаматтарымыз майданға аттанды.   
Әмірхан Бәйкенов те соғыстың азабын көргендердің бірі. 2 ағасын майданға аттандырып, өзі тылда еңбектенген. 85 жастағы ардагер үшін бұл мейрамның маңызы ерекше.

 Әмірхан Бәйкенов, еңбек ардагері:
Соғыс уақытында мен колхозда болдым. Өгіз жегіп, жер жырттық. Жақсы киімдерді майданға  жібердік. Өзіміз жыртық кидік. Енді мұндай жағдай болмасын. Жастарға тиыштық, қуаныш, шаттық, бақ дәулет болсын.  

Жерлестеріміз «Мәңгілікке қадам басқан» атты көрмеге де тәнті болды. Мұнда халықтың назарына сұрапыл соғысқа қатысқан жауынгерлеріміздің суреттері мен сол кездері салынған әйгілі плакаттар қойылды. Дәл осы жерде кішкентай балдырғандар суреттер сайысында бағын сынады. Олардың шығармалары қабырғаға ілінді. Фариза Батырханова да еліміздегі бейбітшілікті қағаз бетіне түсіруде. Аспанымызға еш уақытта қара бұлт төнбесе екен, дейді 6 жасар қыз.

Фариза Батырханова:
Бүгін жеңіс күні. Мен гүл салдым, кемпірқосақ, көбелек. Аспаным ашық болсын .

Жеңіс күні – аса үлкен қуанышпен қарсы алатын ең қымбат мейрам. Сондықтан мерекелік концертті тамашалау үшін орталық алаңға ағылған бұқараның қарасы қалың болды. Әрбірінің жүзі жадырап, бейбіт заман мен тыныш өмір сыйлаған жеңіс жауынгерлеріне алғыстарын білдіруде.

Әкелеріміз соғыста болған. Аман-есен келді. Сталинградта болды.
Ұлы жеңіс күні біз үшін өте қуанышты. Өйткені біздің ардагерлеріміз біз үшін өте көп жақсылық әкелді. Біз оларға үлкен рахмет айтамыз.

Атам Қадырбек Тверь түбіндегі соғысқа қатысқан. Сонда ол қайтпай қалған. Тағы бір туысым соғысқа қатысқан. Мен де әскерге барып, елімді қорғап, өз борышымды өтеймін.
Ата-бабаларымызға рахмет айтамыз. Өйткені олар болмаса, біз бұл жерде тұра алмас едік. Менің атам да осы соғыста соғысқан. Мен оған рахмет айтамын.

Айдана Демесінова