Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бүгін 9 Мамыр – Жеңіс күні



 

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл 67 жыл. Бұл жеңіс – ержүректілік пен қайсарлықтың, батырлық пен батылдықтың ерен үлгісі. Жеңіс күні бәрімізге ортақ, ең басты, ең қымбат, шынайы халықтық мереке. Әсіресе, майданның алғы шептерінде шайқасқан ардагерлер үшін бұл күннің маңызы айырықша. Сондықтан Александр Козиннің жүзінен толқу мен қуаныш сезіледі. 1944 жылы жараланып елге оралған ол Жеңісті туған жерде қарсы алған. Бұл ең бақытты күн еді деп еске алады қарт майдангер.

Александр Козин, ҰОС ардагері:
– Жеңіс туралы естіген жұрттың қуанышында шек болмады. Біреу күліп, біреу жылап, әйтеуір әркім өз қуанышын, толқынысын білдіріп жатты. Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Қаншама адам мерт болды. Сондықтан бүгінгі бейбіт күнді бағалау керек.

Ұлы Жеңіс балалық шақпен ерте қоштасып, тылда аянбай тер төккен жандар үшін де аса қымбат. Тылда еңбек еткен әйелдерсіз, балалар мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін бе еді? Жасұлан Құдабаев еңбекке 11 жасынан араласқан. Ол тылдағы халықтың иыққа түскен ауыртпалықты төзімділікпен көтергенін айтады.  Ұлы мейрам күні Даңқ стеласының жанына жиналған халықтың қарасы қалың. Олардың әрбірі елін, жерін жаудан қорғаймын деп мерт болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бүгінде көзі тірі ардагерлерге бас июді өз борышы санаған. Облыс әкімі бастаған қалың қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Осылайша Ұлы Жеңіс күні Отан үшін өмірін қиып, туған жерге оралмаған қаһармен ерлерді бүкіл ел болып  бір минут үнсіздікпен еске түсірді. Сонау қырқыншы жылдары майдан даласына Солтүстік Қазақстан жерінен 70 мыңнан астам азамат аттанған. Солардың жартысына жуығы өз атамекеніне қайта оралмады. Әйтсе де, зұлмат жылдары Отан үшін шайқасқа түскен азаматтардың ерлігі арқасында Жеңіс туы асқақ желбіреп, бейбіт өмір салтанат құрды.
Майдангер ұрпақтың жанқиярлық ерлігі бүгінгі отан қорғаушыларға өлмес өнеге. Бейбіт өмірде ел іргесінің беріктігін қорғаған сарбаздар олардың батырлығы мен қайсарлығын үлгі тұтады. Ерліктің өнегесіне айналған ерлерін елі бір минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін аспанға үш дүркін оқ атылып, оқушылар бейбітшілік пен еркіндіктің нышаны – көгершіндер мен шарларды ұшырды. Бұдан кейін қалың жұртшылық Мәңгілік алауға бет алды. Олар бүгінде арамызда жоқ ержүрек жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ұлы мақсат жолында қаза болған жауынгерлердің ерлігін ұмытпай,  бүгінде арамызда жүрген соғыс батырларына бас ию – бүгінгі ұрпақтың үлкен борышы. Жастық шақтарының ең қымбат кезеңдерін қан майданда өткізген кешегі сарбаз, бүгінгі ардагерлер мен тылда күні-түні қажырлы еңбектенген қариялардың қай-қайсысы да құрмет пен даңққа әбден лайық. Көше бойымен сап түзеп өткен ардагерлерге жиналған жұртшылық қошемет пен құрмет көрсетті.  Биыл Ұлы Жеңіс күнін облыста 533 соғыс ардагері мен 17 мыңға жуық тыл еңбеккері қарсы алып отыр. Сонау сұрапыл соғыстың куәгерлері бүгінде арамызда көп емес. Ардагерлеріміз күннен-күнге азайып бара жатыр. Олар кейінгі ұрпақтың, балаларының жарқын келешегі үшін кеуделерін от пен оққа тосты. Енді бүгінгі күні Отан үшін соғысқан ерлердің ұрпағы тұрақтылық пен татулық салтанат құрған елде өмір сүруде. Олар сұрапыл соғыс жөнінде ата-әже әңгімесінен естіп, кітап беттерінен ғана біледі.  Төрт жасар Богдан Максименко бүгінгі шуақты күн, бақытты өмір үшін
өз алғысын сурет түрінде бейнелеп,   ардагерлердің біріне сыйға тарту үшін арнайы алып келіпті.

  Мереке күні Жеңіс саябағында да жұртшылық ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды еске алды. Бұл күні алаңға келген жастардың қатары қалың. Олар бейбіт күннің астында, егеменді елде тұру бақыты үшін аға ұрпақ алдында бас иіп, шынайы алғыстарын білдіреді. Ендігі кейінгі ұрпаққа жүктелген міндет – бүгінгі бейбітшілік пен тыныштық, татулық пен келісімді сақтау болса керек. Кешегі қан майданда Отанын жаудан қорғап қалған, өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың өнегесіне айналған батырларымыздың аманаты осы.

 Айымгүл Әбілева