Қоғам

Завод ардагерлеріне – құрмет, жастарға – баспана

Жеңіс күні қарсаңында өндіріс орнында қызмет еткен аға буын өкілдеріне қошемет көрсету Киров атындағы зауытта дәстүрге айналған. Әдеттегідей ескерткіштің маңында жиылған соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін мерекемен зауыт басшылығы құттықтады.

 

Марат Әбілмәжінов, «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ бас директоры:
Біздің зауытымыз – елдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Былтыр өндіріс көлемі 2010 жылмен салыстырғанда 2 жарым есеге артты. Зауыттың бұл жетістіктері қызметкерлердің ерен еңбегінің арқасы.  

Георгий Герасимов майдан даласында, шайқастардың бірінде жарақат алған. Соның салдарынан елге ерте оралуына тура келіпті. Дегенмен ол бірден зауытқа жұмысқа кірген. Мұнда жылдар бойы өндіріс ошағында дәнекерші болып қызмет етеді.

Георгий Герасимов, ҰОС ардагері:
Зауыт ұжымы ардагерлерді ешқашан назарсыз қалдырмайды. Жыл сайын басымызды қосып, қошемет көрсетеді. Кәсіпорынның жетістіктеріне біз де әрдайым қуанып отырамыз.  

Зауыттың қазіргі деңгейін бұрынғымен салыстыру қиын. Заманауи техниканың арқасында өндіріс қарқыны әлдеқайда артқан. Жылдан-жылға кәсіпорынның жұмысына жас мамандар қызығушылық танытуда. Салтанатты жиында олардың бірқатарына жатақхана бөлмелерінің кілттері табысталды. Бұған дейін зауыт цехы болған  ғимаратта 2 айдың ішінде 19 бөлме салыныпты. Фоминыхтар отбасы жатақханаға алғашқылардың бірі болып жайғасқан. 6 жасар Паша мұнда өзінің үй құсын да әкеліп үлгеріпті.

Павел Фоминых:

Бізге жеке бөлме бергеніне қуаныштымыз. Үйіміз жайлы, жаңа. Барлық заттарымды әкелдім. Ең алдымен тотықұсымды жайғастырдым.

Зауытта іс жүргізуші болып қызмет ететін Мәрзия Баграмова да көптен күткен жеке бөлмесінің кілтіне ие болғанына қуанышты. 2-3 күннің ішінде жиһаз бен керек-жарақтарды әкеліп, орналасамыз дейді ол.

Мәрзия Баграмова, «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ іс жүргізушісі:
Зауыт басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Барлық жағдай жасалған.  

Алдағы уақытта зауыт басшылығы 2-ші қабатта тағы да 21 бөлме тапсыруды жоспарлап отыр.

Инеш Шоқақова