Қоғам

Тыл еңбеккерлерінің ерлігі

 

Жасы егде тартқанымен, еңбек ардагері Надежда Куминова әлі тың, қимылы ширақ. Жастайынан еңбекке араласқан тыл еңбеккері қырқыншы жылдарды ауыр күрсініп еске алады. Сұрапыл соғыс қаншама адамдардың тағдырын азап пен қасіретке толтырды дейді ол.

Надежда Куминова, еңбек және тыл ардагері:
Мен мектепті 1943 жылы аяқтадым. Соғыс жылдары темір жол бойында жұмыс істедім. Менің қызметім билет кассирі болғанымен, біз темір жол бойындағы барлық шаруаны атқаратынбыз. Әсіресе қар тазалау сынды жұмыстар немесе пойыз арқылы жіберілетін азықты өлшеу сынды ауыр жұмыстарды атқардық.

Надежда Куминова – ауыр тағдыр иесі. Аяулы ана, асыл жар бүгінде шаңырағының түтінін күзетіп жалғыз өзі отыр. 1947 жылы отасқан жолдасы соғыстан мүгедек болып оралған. 3 құрсақ көтерген ана жастайынан екі баласын жер қойнауына тапсырыпты. Алайда қанша азап пен қиыншылықты бастан кешсе де, ол өз тағдырына шүкіршілік етіп келген. Соғыстан кейінгі ғұмырын бастауыш сынып оқушыларына ұстаздық етуге арнапты. Кейінгі ұрпақ бейбіт аспан астында тұрып жатыр, ал соғыс сол кездегі балаларды тым ерте есейтті дейді жанарындағы жігері жасымаған кейуана.

Надежда Куминова, еңбек және тыл ардагері:
Соғыс жылдары мен үшін жанымдағы өзге балаларға қарағанда аса қиын болған жоқ. Өйткені менің қасымда әкем болды. Ал ата-аналарынсыз қалған отбасылардың жағдайын еске алудың өзі қорқынышты. Олар өте ашықты, тіпті 3-4 адам бір пиманы киген жағдайлар болды.  

Бүгінде 86-ға келген Надежда Куминова өте көпшіл, әрі ақжарқын адамдардың бірі. Көпшілікке белгілі “Боздақтар” жинағы үшін Мамлют ауданынан соғысқа қатысқан жауынгерлердің тізімін жасауға Надежда әжейдің қосқан еңбегі өлшеусіз. Кітап соңындағы авторлар тізімінде Надежда Куминованың да есімі бар.

Надежда Куминова, еңбек және тыл ардагері:
Әскерге шақырылғандардың тізімі өте нашар сақталған. Барлығы бұл еңбектің мәліметтерін жинақтау үшін 3 жыл еңбектендік. Өйткені ондағы қателер өте көп болды.  

Мамлют ауданынан соғыс жылдары барлығы 6 936 жауынгер әскерге алынған. Ал елге тек солардың үштен бірі ғана оралған.

Төлеген Омаров
, Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Бүгінде соғыс ардагерлерінің саны – 19. Соған біз көмек жасаймыз деп жатырмыз. 9-ы күні салтанатты митингтер өтеді. Соған құттықтап, дайындық жасап жатырмыз.

Әспет Әбдірешова