Қоғам

“Патриот” айлығы


 

Аушақ Сәлімбаев зұлмат соғыс басталғанда не бары 13 жаста ғана болған. Соған қарамастан, жасөспірім мойнына дорба іліп, егін сепкен екен. Өскелең ұрпақтың оларды ұмытпай, құрмет көрсеткендеріне риза болғаны сондай, омырауы орден-медалға толы ақ самайлы қарияның әжім басқан жүзіне әр жүгіріп, жүрегі жадырап қалғандай. Кейінгі ұрпаққа жеңіс сыйлаған ол білімге құштар жастарға зор сенімін жеткізді.

Аушақ Сәлімбаев, ҰОС ардагері:

– Бұл балаларға менің тілейтінім, мен 60-қа келгенше айыр-күрек ұстап, жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Балалардың келешегі алда, тілейтінім, күрек ұстамай, баспен жұмыс істесін. Қазақстанның келешегі -жастардың қолында. Осы бүлдіршіндер білімді болсын.

Жер дүниені  жайлаған соғыс өртінің сөнгеніне биыл 67 жыл. Ұлы Жеңіс тойы қарсаңында № 23 мектеп ұжымы ардагерлердің басын қосқан. Мерекелік шара сәуірдің 9-ында бастау алған «Патриот» айлығының аясында өткізілді. Айлық барысында «Солтүстік» тұрмыстық үйі” шағын ауданында тұратын ардагерлерге көмек көрсетіліпті. Ал мына жиын қорытынды шара ретінде ұйымдастырылып, 13 ардагерге дастарқан жайылды.

Юлия Зайченко, директордың оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

-Жылда «Патриот» айлығы аясында Отан үшін жанын пида еткен ардагерлерге көмек көрсетіледі. Біздің оқушылар қариялардың үйлеріне барып, тұрмыстарында көмек көрсетіп, аулаларын жинастырады.  

Кеш барысында меймандар сахналық қойылымдарды тамашалап, соғыс кезінде рухтарын көтерген әндерді тыңдады. Бар халыққа бейбіт аспан сыйлаған ардагерлердің тәуелсіз Қазақстанды аяғына тұрғызып, төрткүл дүниеге танытуда да атқарған еңбектері өлшеусіз дейді оқушылар.

 – Бұндай акциялар өскелең ұрпаққа өте керек. Себебі отан үшін жанын қиған азаматтардың саны күн санап азайып барады. Ал олардың ерліктерін кейінгі буынға жеткізу біздің міндетіміз.
Қаны мен жанын пида етіп, отанымыздың тәуелсіздігін қорғап қалған жауынгерлерге бас иеміз.
«Патриот» айлығы аясында біз өз ауданымыздағы ардагерлерге көмек қолын ұсынып, үйлерін, аулаларын жинап бердік.

Әсел Күшенғалиева