ТЖ

Өрт сөндірушілер ант қабылдады

 

 

 
Биыл облысымыздағы құтқарушылардың саны 26 адамға артып отыр. Қаламызда бұл көрсеткіш 4 сақшыға ұлғайды. Мамыр мерекесі қарсаңында өрт сөндірушілердің қатарын толықтырған жерлестеріміз салтанатты түрде ант қабылдады. Адам өмірін арашалап қалу қызметін таңдағандардың бірі – Азамат Қошпанов.

Азамат Қошпанов, №4 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі:
Бүгін менің ант қабылдап жатқан ең жауапты күнім. Таңдаған себебім барлықтарына көмек көрсету үшін.

Сондай-ақ жиын барысында ерекше көзге түскен, өртке қарсы қызметті құру мен дамыту ісінде тер төккен құтқарушылар түрлі марапатқа ие болды. Мұндай белсенділердің саны бүгін 40-тан асты. 17 жыл бойы ауыр жүкті арқалап келе жатқан Жанат Смағұловқа «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төс белгісі бұйырды.

Жанат Смағұлов, СҚО ТЖД «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары» ММ жедел басқару орталығының бастығы:
17 жыл өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеп келемін. Еңбегімнің бағаланғаны, әрине, қуантады. Алдағы уақытта да жемісті жұмыс атқару үшін қолымнан келгенін жасаймын.

Мінсіз қызметімен ерекшеленген 9 өрт сақшысының шені жоғарылады. Жиында бұл азаматтарға да қошемет көрсетілді.

 Кенжеболат Айтжанов,  СҚО ТЖД «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары» ММ кәсіби дайындық мектебінің бастығы:
-Бұл қызметте мен 19 жыл істеймін.
Өрт сөндірушіден бастағанмын 1993 жылы. Маған подполковник әскери атағын беріп жатыр. Біздің басшылардың менің еңбегімді бағалағанына қуаныштымын.

Ноғай Жамалиев саналы ғұмырының 30 жылын құтқару саласына арнаған. Бүгінде қызметінің жемісін көріп, зейнеткерлік демалыста жүр. Мерекелік шарада өрт сөндіру қызметінің ардагерлері де құрметке бөленді.

Ноғай Жамалиев, өрт сөндіру қызметінің ардагері:
Бұлар бізді ұмытпайды. Уақытында келіп, қандай көмек керек соны сұрап, көмектесіп, бас қосқан жерлерге шақырып бірге боламыз. Қазақта мақал бар:”Атаңа не істесең, алдыңа сол келер” – дейді. Бұлар сыйлайды мені. Көп рахмет оларға.  

Жиын Төтенше жағдайлар департаменті гарнизонының жеке құрамының салтанатты маршымен аяқталды.

 Айдана Демесінова