Спорт

Футболшылар сайысы Жеңіс күніне арналды

 

 

Өңір басшысы Серік Біләловтың кубогы үшін футбол додасына бұл жолы 600-ге жуық спортшы қатысуда. Облыс аудандары мен қаланың мықты деген командалары 4 күн бойы жеңімпаз атануға лайықты екендерін дәлелдемек. Футболдан өңір жетекшісінің кубогы ойындарын облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ашып, командаларға сәттілік тіледі.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
ҰОС жеңіс  – Кеңес Одағы тарихындағы үлкен оқиғалардың бірі. Біз қан майданда от кешкен жауынгерлердің ерлігі алдында мәңгілік қарыздармыз. Бүгінгі спорттық шара ардагерлердің құрметіне арналып отыр.  

Бүгінгі жарысты тамашалауға келген ҰОС ардагері Степан Башкиров та жас футболшыларға сәттілік тіледі.

Степан Башкиров, ҰОС ардагері:
Мен барлығын ҰОС ардагерлері атынан Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын. Сіздер бақытты жансыздар. Біз сол кездері елімізді жаудан қорғап қанды майданда шайқастық. Бүгінгі таңда жастарға спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Сондықтан әрдайым спортпен айналысыңыздар. Барлығыңызға зор денсаулық тілеймін.  

Командалар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді. Ойынды қалалық “Жеңіс” құрамасы мен Тимирязев ауданының футболшылары бастап берді. Құрамалар осал емес. Бұған дейінгі кездесулерде екі команда да қарсыластарын 3-0 есебімен жеңген.

Әсет Қабдоллаев:
Мен 12 жасымнан бастап футбол ойнаймын. Футбол мен үшін тек қана ойын емес, өмір болып кеткен. Осы жылдар ішінде футболдан жетістіктерге жетіп жатырмын. Кеше Шалақын құрамасымен ойнап, 3-0 есебімен ұттық.

Көп ұзамай “Жеңіс” командасының ойыншылары Тимирязев ауданының қақпасына алғашқы допты кіргізіп үлгерді. Екінші гол да жанкүйерлерді ұзақ күттірмеді. Бір ойынға 25 минуттан беріледі. Сондықтан да спортшылар аз уақыт ішінде өздерінің мықты екендерін дәлелдеуі керек.

Қанат Мұхамеджанов, бас төреші:
Екі топ бойынша 41 команда. Барлық аудандық командалар қатысуда. Және аулалық мектеп командалары да бар. Жарыс 4 күн өтеді. Жеңімпаздар кубоктық жүйе бойынша анықталады. Ұтылған командалар ойыннан шығып отырады. Бұл дарынды балаларды іріктеп, Солтүстік Қазақстан құрамасын жинақтауға жақсы мүмкіндік.  

Кездесу қорытындысы бойынша облыс орталығының “Жеңіс” құрамасы Тимирязев ауданының спортшыларын 5-0 есебімен жеңді. Ал жарыс   жеңімпаздары 9 мамыр – Жеңіс күні анықталмақ.

Гүлбану Ахметова