Қоғам

Бауырластар зиратына гүл шоқтары қойылды



 

Ұлы Отан соғысы жылдары әскери госпитальдарда  қайтыс болған жауынгерлерге арналған ескерткіш 1957 жылы ашылған. Бүгінде ел үшін өмірлерін қиған қаншама боздақтың қабірі бар. Отан қорғау жолында қаза болған жауынгерлер рухына тағзым ретінде олардың бейіттеріне өскелең ұрпақ гүл шоқтарын апарып қойды.

 Айнұр Беркімбаева,  №43 орта мектеп оқушысы:
– Біздің мектеп жыл сайын осы зиратқа келіп, оның маңын жинастырады. Гүл шоқтарын қояды. Бүгін біз де осы ескерткішке келіп, осылайша олардың алдарындағы парызымызды сәл де болса өтеуге тырысамыз.  

Соғыс кезінде қалада 3 әскери аурухана болған. Онда 63 дәрігер жауынгерлердің өмірі үшін арпалысқан. Ал осындай емдеу мекемелерінде шамамен екі мыңға жуық солдатқа медициналық көмек көрсетілген. Бауырластар зиратында 69 жауынгер, ал осы жерге жақын маңдағы тағы бір бейітте 131 ҰОС қатысушысы жерленген. Ардагерлер есімін ардақ тұтқан мектеп оқушылары ескерткішке гүл шоқтарын апарып қойды.

Зарина Такирова, №4 орта мектеп оқушысы:
– Ұлы Отан соғысында болған батырлар, жауынгерлер халқының есінде мәңгі сақталады. 9-мамыр – бұл Жеңіс алған күн. Осы күні барлық адамдар майдангерлерге бас июге тиісті.

Владимир Касьяненко гүл шоғын қою рәсіміне Екатеринбург қаласынан арнайы келген. Оның ағасы Иван Касьяненко соғыс жылдары Петропавлдағы әскери ауруханаға Сталинград түбіндегі шайқастан жеткізіліп, осында көз жұмады. Ал оның отбасы осыған дейін жауынгер жайлы ешбір хабар ала алмаған.

Владимир Касьяненко:
Мен Петропавл қаласына бауырластар зиратына келу үшін арнайы келдім. Өйткені бұл жерде менің ағам Иван Ивановичтің бейіті бар. Ол соғыс жылдары 24/46 әскери ауруханасында ауыр жарақаттан қайтыс болған.  

Соғыс кезінде қаза болған тағы 240 жауынгер мұсылман бейітінде жерленген. Гүл шоқтарын  ұстаған  оқушылар бұл жерге де келіп, тағзым етті. Жалпы Ұлы Отан соғысы төрт жүз мыңға жуық қазақстандық жауынгердің өмірін жалмаған. Отан қорғау жолында қаза болғандарды мәңгілік ардақ тұтып, олардың рухына тағзым ету – бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқан әрбіріміздің парызымыз.

Әспет Әбдірешова