Қоғам

Әскери жәдігерлер көрмесі

Бұл құнды заттарды Виктор Кравцов облыстық тарихи-өлкетану мұражайына аманат етіп қалдырған. Ол 1941 жылдың 12 шілдесінде Қарағанды облысында іссапарда жүргенде

әскер қатарына шақырылып, сол жерден соғысқа аттанған.

Вера Андреева, тарихи экспозиция бөлімінің маманы: Ол Ленин аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Сол жерден ол поезбен Петропавл арқылы Қиыр Шығысқа аттанған. Онда шекара күзетінде 1943 жылға дейін болған.

Ол әйгілі 86-ші артиллериялық бригаданың қатардағы жауынгері, кейін барлаушы болған. Соғысқа аттанған бірінші күннен бастап Виктор Кравцов өз бригадасының жүріп өткен жолының картасын жауынгерлермен бірге жазып, қағазға түсіріп отырған. 1941 жылдан 1945 жылға дейін олар 13145 шақырым жолды жүріп өткен. Оның 4125 км-ін жаяу, ал 3130 шақырымын ұрыс алаңында өткізген. Шайқас кезінде неміс әскеріне тойтарыс берілген жерлерде трофейлер жинап отырған.

Вера Андреева, тарихи экспозиция бөлімінің маманы: Мұражай қорында бұл адамның жиған көптеген экспонаттары бар. Ол соғыстағы әр күнді ақырғы күніндей өткізген. Үйіне жазған хаттары өлең жолдарымен басталады.  

Облыстық тарихи-өлкетану мұржайында Виктор Кравцовтың рейхстагта түскен фотосы, майданда алған алғыс хаттары да сақталған.

Әсел Күшенғалиева