Қоғам

Әскери бөлімдегі салтанатты шара


 

Василий Турашев -1943 жылы Балтық теңізі жағалауындағы ұрыстардың алдыңғы шебінде болған  жауынгер. Соғыс жылдары қатардағы сарбаз арнайы барлаушылар тобын бастаған лейтенант шеніне дейін көтерілді. Ерен ерлігі бағаланып, үш мәрте “Қызыл Жұлдыз” орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Василий Турашев, ҰОС ардагері:
– Жау опасыздықпен бүйірден соғып, қабырғамызға қатты батты. Бізге өмірдің бейнеті мен зейнетін көруге жазды. Ал 40-шы жылдары бұның бәрін көре алмай құрбан болып кеткендер қаншама.  

Василий Сергеевич соғыстан кейін күйреген экономиканы көтеруге атсалысып, өңіріміздегі әскери бөлімшеде қоғамдық тәртіпті күзеткен. 33 жыл еңбек етіп, құрметті демалысқа әскери бөлім командирі қызметінен шықты. Бүгінде сексеннің бесеуіне иек артқан ардагер ізбасарларына жасалған жағдайлармен танысты.

Василий Турашев,  ҰОС ардагері:
– Бүгінде әскери техника мен қарудың жойғыш әсері мол. Қарулы күштердің бұл мүмкіндіктері бейбіт өміріміздің  тыныштығын бұзып, ешқашан пайдаланылмауын қалаймын.

Биыл бейбітшілік алауының жанып тұрғанына 67 жыл. Бұл күн халқымыздың тарихындағы теңдесі жоқ батырлық пен ерліктің, отансүйгіштіктің жарқын белгісі болып сақталып қалмақ. Ұлы мерекенің қарсаңында бүгінгі отанқорғаушылар сап түзеп, салтанатты жиын өткізді.

Андрей Каскеленов, 6637 әскери бөлім командирі:
– ҰОС жылдары әрбір 4-ші қазақстандық майданға аттанды. Бұл 1 млн. 700 мың жауынгер. 1418 тәулік бойы от пен оқтың арасында ажалға қарсы тұрған қаһарман отандастарымыздың 600 мыңнан астамы кескілескен шайқастардан оралмады. Осылайша қанды қырғын әр үйдің өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды.  

Сұм соғыс жұтып, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым еткен бүгінгі ұрпақ 1 минуттық үнсіздікпен еске алды. Ұлы Жеңіс сыйлаған қарт майдангерлердің игі ісін олардың бүгінгі ізбасарлары бейбіт аспан астында лайықты табыстармен жалғастырып келеді. Салтанатты жиында бірқатар офицерлер «ҚР Қарулы күштеріне -20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Мінсіз қызметі үшін 1,2,3 дәрежелі кеуде белгілері де өз иелерін тапты. Қоғамдық тәртіп күзетінде көзге түскендеріне құрмет грамоталары табысталды. Борышын абыройлы өтеп жүрген 19 сарбаздың ата-аналарына алғыс хат жіберілсе, тағы 11 сардарға ауызша алғыс жарияланды. Қатардағы 24 сарбазға “ефрейтор” шені тағайындалды.

Әлімхан Жұмашев, 6637 әскери бөлім сарбазы:
– Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі қарсаңында “ефрейтор” шенін алғаныма қуаныштымын. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Бұл атақты абыройлы ақтап ҚР қызмет етемін.  

Кәсіби мейрамдарында құрметке бөленген нәзік жандар да аз болмады. Айнаш Әтішова 18 жыл бойы әскери нұсқаушы-санитар қызметін атқарып келеді. Өз ісін ерлер қатарлы атқарып жүрген азаматшаға нағыз командир  сағаты сыйланды.

Айнаш Әтішова, 6637 әскери бөлімнің нұсқаушы- санитары:
-1994 жылдан бері таңдаған мамандығыма әлі өкінген емеспін. Әрине қиындықтар болып тұрады. Мойымай іспен жеңуге дағдыландым. Бастысы қажетінде нәзік жан екеніңді ұмытып, ер мінез таныту керек.  

Сондай-ақ, ардагерлердің де еңбектері елеусіз қалмай, олар ҚР Қарулы күштерінің 20 жылдығына орай мерейтойлық медальмен марапатталды. Салтанатты жиын мерекелік ән-шашуға ұласты.

Жеңіс Ермұқанов