Қоғам

Ардагер атындағы аудитория

 

 

Гуманитарлық-техникалық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті бұдан былай ҰОС ардагері Ақтай Кәкеновтың есімімен аталатын болады. Оқу орының студенттері жерлесіміздің ерліктерін жақсы біледі. Ардагер үнемі студенттермен кездесіп, соғыс жайлы баяндап отырады екен.

  Индира Мұхаметалина, студент:

-Жеңіс күні біздің есімізден шықпайды. Өскелең ұрпақты отан сүйгіштікке баулуда. Найзаның ұшымен біліктен күшімен келген жеңісті біз ешқашан ұмытпаймыз. Ақтай Кәкенов бізге келіп, соғыс жылдарында болған жайттарды айтып отырады.

Соғыс ардагері Ақтай Кәкенов пен колледж директоры Александр Мерк салтанатты түрде жеңіс жауынгерінің есімін иеленген аудиторияның таспасын қиды. Сұрапыл соғыс жылдарында қан майданға колледждің 50-ге жуық оқытушылары мен студенттері атаныпты. Бірақ көбі қаза тапқан екен. Ақтай Кәкенов әскер қатарына алынғанда 18 жаста болған. Соғыс жылдарында аға сержант бірінші Беларусь майданында болып, Курск шайқасына қатысқан. Майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін жерлесіміз “Қызыл ту”, “Қызыл Жұлдыз”, 1 және 2-ші дәрежелі “Отан соғысы” ордендерімен және “Берлинді алғаны үшін”, “Германияны жеңгені үшін” медальдарымен марапатталған. Сондықтан колледж басшылығы да ел үшін кеудесін оққа төсеген Ақтай Кәкеновке құрмет көрсетіп, қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне ардагердің есімін беруді жөн деп тапқан.

Александр Мерк, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледждің директоры:
– Ұлы Отан соғысының ардагері Ақтай Кәкенов әрдайым біздің жастарды патриоттық сезімге баулып келеді. Жанын шүберекке түйіп, жауға қарсы шыққан осындай ардагерлерімізді әрдайым құрметтеп, сыйлауымыз қажет.  

Ардагердің есімін иеленген кабинет қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Гүлбану Ахметова