Энергетика

Жылу құны шілденің бірінен 40 пайызға өсуі мүмкін



 

Жылу энергиясының 1 гигакалориясының құны бүгінде 1162 теңге. “№2 жылу энерго орталығы” ЖШС табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментіне бұл қызмет үшін төлемді 40 пайызға арттыру туралы ұсыныс түсірген. Энергетиктердің өтініштері құпталатын болса, тұтынушылар шілденің бірінен 1 гигакалорий үшін бұрынғы тарифтен 447 теңгеге артық төлеуге мәжбүр болмақ.

 Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
– ТЭЦ-тің беріп отырған себебі 2010 жылдан бері бұлардың тарифтері көтерілген жоқ.
Көмірдің бағасы екі есе өсті. Ескі көмір бағасымен бұлардың тарифі әлі өзгертілмеді. Соның себебінен өздерінің бағасын көтермекші.  

Шикізатты тасымалдау бағасы да 2 есеге артқан. Былтырғы желіге қосылған жаңа нысандар мен қуаттылықтың артуынан көмір әдеттегіден 14,5 мың тоннаға артық жұмсалыпты. Мұнымен қатар салық және өзге де міндетті төлемдер шығыны өскен. Штаттық құрамдағы 800 қызметкердің орташа жалақысы 44 мың теңге. Былтыр жұмыстан шыққан 396 адамның тең жартысын еңбек ақысы қанағаттандырмаған көрінеді. Энергетикалық қондырғыларды жөндеуге де қаржы керек. Сондықтан кәсіпорын басшылығы бұл қадамды мәжбүрлі түрде жасап отырғандығын айтады.

Игорь Татаров, “СевКазЭнерго” АҚ басқарма төрағасы:
– 2012 жылы су жылытқыш қондырғылар жаңартылады. Таратушы
құбырлар ауыстырылады. Бұған энергоорталық 600 млн теңгедей қаржы жұмсамақ. Бұның бәрі тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету үшін жасалады. Тарифімізді сәл қымбаттату қызметкерлердің де жалақысын өсіруге мүмкіндік береді.

Монополистердің көздегені қаншалықты қолдау табатыны мамырдың 25 күні белгілі болмақ. Оған дейін сарапшылар тарифті көтеру себептері мен шығын жайын толық зерттемек.

Жеңіс Ермұқанов