Мәдениет

Жас домбырашы Уәлихан Әскербековтің жеке концерті


Қазақтың киелі домбырасын жанына серік еткен Уалихан Әскербеков ақпанның 26-сында Омбыда балалар мен жасөспірімдер арасында өткен халықаралық музыкалық  фестиваль-байқауда гран-приді жеңіп алған. Биыл «Мерей» өнер мектебін тәмамдағалы отырған жеткіншектің жеке концертіне оның бірге оқитын қатарластары мен өнер сүйер қауым жиналды.

Уәлихан Әскербеков, «Мерей» өнер мектебінің тәрбиеленушісі:
Мен 2010 жылы Санкт-Петербург қаласына бардым, онда бірінші орын алдым. Ал осы наурызда Омск қаласына барып, онда гран-при алдым. Бүгін менің концертім өтті. Мен өте қуаныштымын.

2-сыныпта оқып жүрген кезінде ата-анасы баланы өнер мектебінің домбыра сыныбына беруді жөн көріпті. Облыстық сайыстар былай тұрсын, республикалық, тіпті халықаралық фестивальдер мен конкурстардан жүлделі оралып жүрген Уалиханның қоржынында жиналған мақтау грамоталары мен дипломдар аз емес. Өнерпаз балаға ата-анасы да көп сенім артып отыр.

Ботагөз Габдуллина, Уәлиханның анасы:
Осыдан алты жыл бұрын Уәлиханды бірінші рет осы музыкалық мектепке алып келгнмін. Себебі төрт жасында бірінші рет маған скрипкаға барамын деп айтқан. Скрипканың сыныбы мұнда жоқ болды, сондықтан біз домбыра сыныбына алып келдік. Болашақта біз Уәлиханнан зор үміт күтеміз.

Құрылғанына сегіз жыл болған «Мерей» өнер мектебінде бүгінде  өнерге бейімі бар 210оқушы талантын ұштап жүр. Мектепте сурет өнері, би және аспаптар  үйірмелері жұмыс жасайды. Ұстаздар қауымы өнерімен қатарластарынан озық шыққан Уәлиханның болашағынан үлкен үміт күтеді.

Әлия Сеңкібаева, «Мерей» өнер мектебінің директоры:
Уәлихан Әскербеков өте дарынды, біздің «Мерей» өнер мектебінің түлегі. Домбыра класын міне биыл аяқтағалы отыр. Жалпы өзі мінез-құлқы өте қарапайым, өте ұстамды, нағыз қазақ жігіттерінің бойында қандай қасиет болуы керек, сондай қасиеттің барлығы бойында бар. Болашақта ойлаймыз, Уәлихан біздің Қазақстан Республикасының мерейін көтеретін өнер саңлақтарының біреуі болатын шығар деп сондай үміт артамыз.

Уалиханға киелі домбыраның қыр-сырын меңгертіп, осы өнерге баулыған ұстазы Татьяна Букирова. Құрманғазының «Адай», Қазанғаптың «Он сегіз жасар Балжан қыз», Динаның «Науаи» және басқа да танымал қазақ күйлерін шебер орындайтын сегіз қырлы бір сырлы жеткіншек осы уақытта өнер сүйер қауымның жүрегінен өзіндік орын алып үлгерді.

Әспет Әбдірешова