Қоғам

“Жеңіс жауынгерлерінің” жаңа томы

 

 

Жинақтың   4-ші томында 1334 жеңіс жауынгерінің өмір  жолы мен жасаған ерліктері баяндалған. Әрқайсысының тағдыры ерекше. Дегенмен оларды сұрапыл соғыста отан қорғау жолындағы жасаған ерліктері біріктіреді. Соңғы жинақтың ерекшелігі – қажетті материалдар мұрағаттардан емес, соғыстан аман оралған жауынгерлердің туған-туыстарының көмегімен жиылған.

Григорий Кухарь, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Осы жинақты шығаруға атсалысқан білім ошақтарына алғысымызды білдіреміз. Кітап демеушілердің қолдауымен жарыққа шықты. Жергілікті кәсіпкерлер мен қайырымдылық сенбіліктерінен түскен қаражат та осы мақсатқа жұмсалды. Бұл бастамамызды облыс басшылығы бірден қолдаған болатын.

Қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен «Жеңіс жауынгерлері» жинағының 4 томы жарыққа шықты. Алғашқы 2 жинақ ҰОС жеңістің 65 жылдығына орай басылған. Майданнан барлығы 19 мың петропавлдық оралып, туғандарымен қайта қауышқан. Ал жинақтарда олардың 7851-нің ғана өмірбаянынан хабардар болуға болады. Сондықтан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь бұл бастамамыз әлі де жалғасын таппақ дейді.

Григорий Кухарь, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– 4 томдық жинақтың 6350 данасы жарыққа шықты. Қазіргі таңда кітапты мұражайлар мен кітапханалардан кез-келген адам алып, жерлестеріміздің ерлігімен таныса алады. Бұл кітапты әзірлеу жұмыстары 2009 жылы басталған болатын. Әлі де материалдарды жинау жұмыстары жалғасады деп ойлаймын.

Сондай-ақ тыл ардагерлерінің соғыс кезіндегі ерліктерін баяндайтын жинақ шығару да ойда бар. Тылда тынымсыз еңбек еткен бұл жерлестеріміздің ерлігі де әр кез құрметке лайық.

Инеш Шоқақова