Денсаулық сақтау

Науқас емдеу мекемесін өзі таңдайды



 

Валентина Лысенко жоспарлы емделуге жатқызу қағаздарын толтыруда. Ол осыдан бір апта бұрын мекен-жайы бойынша медициналық мекемеде қаралып, ем алу үшін 1-ші қалалық аурухананы таңдаған.

Валентина Лысенко:

-Маған тұрғылықты жерім бойынша №2 аурухананың мейірбикесі хабарласып, портал бойынша кезекке өткенімді айтты. Мамыр айының 3-і өз таңдаған ауруханамда ем алуға жатуым керектігін айтты. Содан кейін мен осында хабарласып едім, мені таңертеңгі сағат 10-ға шақырды.

Жоспарлы емделу қызметі бірыңғай жүйе ретінде республикамыздың барлық аймақтарында іске қосылған. Ал біздің өңірімізге 2010 жылдан бастап енгізілген. Осының арқасында Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов аудандарының 1060 тұрғыны Көкшетау қаласында ем алуларына мүмкіндік туды.

Раиса Зотова, ҚР ДСМ “Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы” РМК СҚО филиалының директоры:

Аталмыш бюро емхана және стационар арасында делдал болып табылады. Аурухана қызметкерлері науқасты веб-порталда күту бетіне тіркеп қояды. Емделуші ауруханаға жату күнін таңдаған соң бюро қызметкерлері мониторингтен өткізеді.

Ендігі кезекте науқас өзі таңдаған ауруханада бос орынның бар жоғын ұзын- сонар кезекте тұрмай аурухана бюросының сайтына кіріп біле алды. Бұл порталда науқастарды емделуге жіберу кезегі де бақыланып отырады.

Денис Посысаев, ҚР ДСМ “Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы” РМК СҚО филиалының бағдарламашысы:

– Ауруханаға жатқызу бюросы тұрғындардың кезекте көп тұрмай, кез-келген уақытта республиканың қай жерінде емделгісі келетінін өз қалауынша таңдап алуға мүмкіндік береді. Ол үшін пациент www.bg.eisz.kz арнайы сайтына кіріп, өз кезегін көре алады.

2011 жылы осы қызмет арқылы 38 000 науқас жолдама алды. Оның ішінде 54 пайызы – ауылдықтар. Астана және Алматы қалаларының республикалық клиникаларында 3000 солтүстікқазақстандық емделді, оның үштен бірі – аудан тұрғындары.

Әсел Күшенғалиева