Билік

Мамырдың 15-нен өңірімізде егіс науқаны басталады

 

 

 

Биыл елімізде көктемгі егіс жұмыстары әдеттегіден ерте басталды. Оңтүстік өңірде бұл науқан аяқталуға жақын. Ал қалған аймақтарда мамырдың 15-нен бастау жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қажетті техника, сапалы тұқым мен жанар-жағармай жеткілікті. Ақпан айынан төмендетілген бағамен өткізіле бастаған жанар-жағармайға нарықтағы бензин құнының өсуі әсерін тигізбейді. Барлығы егіс науқанында 2700-ден астам техника жұмылдырылмақ. Бірінші вице-премьер көктемгі егіс науқанына әр аймақтың жауапты дайындалуының қажеттігін атап өтті. Келесі мәселе – егіс алқаптарын зиянды жәндіктерден қорғау. Биыл бірқатар өңірлерде шегірткенің таралу қаупі бар. Сондықтан қажетті дәрі-дәрмектерді дер кезінде сатып алып, кешенді жұмыстарға көшу қажеттілігі сөз болды. Орман алқаптарындағы өрттердің алдын алу да басты назарда. Өрт қаупі кезеңі басталғалы елімізде 1997 га орман алқабы отқа ораныпты. Шығын – 13 млн теңгеден астам. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ал өртке қарсы техника жеткіліксіз, дені ескірген. Сондай-ақ өңірлерде өрт қауіпсіздігін бақылау мұнараларының саны аз. Аймағымызда да қажетті 31 мұнараның 8-і ғана бар. Осы және өзге де мәселелер селекторлық байланыс үзілген соң кеңінен талқыланды.

Иван Овчаренко, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
– Егіс науқанына қажетті техниканы дайындау басты назарда. Қазіргі таңда жанар-жағармайдың 41 мың тоннасы алынды. 1 ай көлемінде қалған көлемі төленетін болады. Биыл егіс науқанында 920 жоғары өнімді кешен жұмыс істемек. Олар 3 млн га егіс алқабына дән сіңіретін болады.

Айдың ортасына дейін ауа райы құбылмалы болады дейді синоптиктер. Бұдан соң ауа температурасы +24, +25-ке дейін көтерілмек. Серік Біләлов егіс науқанына дер кезінде кірісуді тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Жанар-жағармай көлемі де жеткілікті. Тұқым мен техникаға қатысты мәселелер шешілді. Дегенмен, бұл науқанның ұйымдастырылған түрде жүргізілуін қатаң қадағалау қажет.

Өңірімізде егіс науқанын маусымның 5-не дейін аяқтау көзделіп отыр.

Инеш Шоқақова