Қоғам

Майдангер Евгений Струев


 

Евгений Струев 1944 жылы әскерге шақырту алған.   17 жасар бозбала қатарластарымен бірге Қиыр Шығысқа аттандырылыпты. Сол жерге дейін 300-400 км жаяу жүрген көрінеді. Олар жапон шекарасында Отанын 1 айдай қорғаған. «Қарудың дыбысын естігенде осы жерде жан тапсыратын шығармыз деп ойладық. Алайда жеңіс күнін жақындатуға барынша тырыстық», – дейді ардагер. Соғыстың аяқталғаны туралы  қуанышты жаңалықты Евгений Струев поезда естіген екен.

Евгений Струев, Ұлы Отан соғысының ардагері:
Поезда келе жатқан едік. Радиодан соғыстың аяқталғанын естідік. Жеңіске жеткенімізді білгенде қуанышымызда шек болмады.  

Евгений Струев майданда ел үшін шайқасса, бейбіт күн туғанда мемлекетіміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Бастапқыда ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеген. Кейін қалаға көшіп, зауытта фрезерлеуші қызметінде өзін сынап көрген. Осылайша түрлі салада тер төккен азамат Петропавл-Сергеевка тас жолын төсеуге де атсалысқан. 1987 жылы зейнетке шығыпты. 85 жасқа толған қария жастық шағын жиі еске алып тұрады екен.

Евгений Струев, Ұлы Отан соғысының ардагері:
Жас кезімде достарыммен қосылып ойын-сауық құруды ұнататынмын. Жолдастарым көп болған. Бір-бірімізді сыйлап, қиын қыстау кездерде көмектесетінбіз. Жалпы сан алуан қиындықтар болса да бақытты ғұмыр кештім деп айта аламын.

Ардагер жары Галина Витальевнамен 37 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді. Сұрапыл соғыс жылдарындағы аштық, қаралы күндер, қиыншылықтар әлі де екеуінің есінде. Қанды шайқастың куәгері болған аға буын өкілдерінің тілегі бір: «Біз көрген қиындықты  өскелең ұрпақ көрмесін!»

Айдана Демесінова