Қоғам

«Қазақстан жолы: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру».

 

 

 

«Қазақстан жолы: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру». Қазақстан халқы ассамблеясының ХІХ сессиясы осылай аталған болатын. Бұл 3 ұғым түрлі ұлт өкілдерін біріктірген ұйымның жұмысына да тікелей қатысты. Ұлтаралық келісім – еліміздің басты құндылығы. Сондықтан өз сөзін Елбасы осыдан бастады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы:
– Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз. Бірлік – баға жетпес басты байлығымыз. Жаңару – келер күнге, кемел келешекке жетелейтін жарқын жолымыз.Осы үш ұғым біздің мызғымас мемлекетіміздің тұтастығына тірек болып тұр. Үндестігі мол үйлесімді үш таған – мерейлі мемлекетіміздің қасиетті құндылығы.

Ассамблеяның жұмысын қорытындылауға арналған жиынға солтүстікқазақстандық делегация да қатысқан болатын. Оның құрамына 21 адам енді. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сергей Бородин Елбасының мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, жастар саясатын дамытуға байланысты ұсынысын зор ықыласпен қабылдадық дейді. Бұл бағытта қажетті шаралар бірден қолға алыныпты.

Сергей Бородин, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:
– Жастардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі мен рухани байлығын арттыру мәселесі өте өзекті. Қазақстан болашаққа сеніммен қарайды. Ал болашақ – жастардың қолында. Сондықтан Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сессияда жастар мәселесіне ерекше назар аударды. Осыған сай облыстық ассамблея жастармен жұмыс жөніндегі өзінің бағдарламасын құрастыруда.   

Сондай-ақ облыстық ассамблея ашаршылық оқиғасының 80 жылдығы мен сталиндік саяси қуғын-сүргін қасіретінің 75 жылдығына арналған шараларға белсенді қатыспақ. Бұл ұйым ел үшін маңызы бар оқиғалардан еш уақытта шет қалған емес. Ал Елбасының қатысумен өткен Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясы жұмысымызға жаңа ой мен тың серпін берді дейді Сергей Бородин.

Сергей Бородин, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:
– Сессия барысында өзге делегаттармен тәжірибе алмасып, біраз ой түйіп қайттық. Ассамблея жұмысына тың өзгерістер енгізу қажет. Ұлттар мен ұлыстардың бірлігін одан әрі нығайту бағытында атқаратын жұмыстарымызды әлі де кеңінен талқыламақпыз.  

Ол үшін мамыр айында облыстық ассамблеяның ХVІІ сессиясы өтпек.

Инеш Шоқақова