Аптадағы маңызды жаңалықтар

Геннадий Зенченко – 75 жаста

 



 Геннадий Зенченко – Солтүстік Қазақстан өңірінің бұрынғы Сергеевка қазіргі Шал ақын ауданының тумасы. Петропавл   ауыл шаруашылығы техникумын аяқтаған жас маман еңбек жолын механизатордан бастады. Бүгінде “Зенченко и К” КС бас директоры. Шаруашылық басшысы жергілікті мал басын асылдандыруды алғашқылардың бірі болып қолға алған. Бүгінде заманауи жабдықталған кешенде 5 мыңнан артық жоғары өнімді зеңгі баба төлі бағып-күтілуде. Шетелдік сауын сиырлардың әрбірі жылына 8 мың литр сүт береді. Ал егіс алқабының гектар берекелігі 30 центнерден асып жығылады. Айта берсе, ауыз толтырып айтарлық жетістіктері молынан. Мерейтой иесін алғашқылардың бірі болып Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құтықтады. Елбасының алғыс хатпен жолдаған игі тілектерін облыс әкімі Серік Біләлов оқып берді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Геннадий Иванович Зенченконың бүгінгі ісі еліміздің алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының көш басында. Қашанда еңбекқорлығымен танылып жүреді. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайды. Міндетті түрде жақсы нәтиже алады. Көреген, алдын болжай біледі. Оның адамгершілік қасиетін жоғары бағалаймыз. Уақытының тығыздығына қарамай, қоғамдық шаралардан шет қалмайды.
Геннадий Ивановичке тек ізгі тілектер жолдаймын. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

75 жасаған жерлесіміздің еңбегін жоғары бағалайтынын Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нигматулин де хат арқылы білдіріпті. Мерей той иесін өңір жетекшісі де құттықтап, иығына шапан жапты. Геннадий Ивановичтің ерен еңбегі әр жылда лайықты бағасын алып отырған. ҚР Еңбек Ері, “Алтын жұлдыз” ерекше кеуде белгісі, “Отан”, “Құрмет белгісі”, “Еңбек Қызыл Ту” ордендерімен марапатталған. Ол жеке шапқан жүйрік емес, талайды тәрбиелеген тәлімгер ұстаз.

 Иван Сауэр, “Агро Фирма Родина” ЖШС директоры:
– Жерді, техниканы сүймей ешкім егін ала алмайды, маңдай теріңді сықпай мол астық болмайды соның бәрін осы кісіден үйрендім. Бүгінде мал шаруашылығын дамытуда Геннадий Ивановичтің тәжірибесін қолданамын. Өнімділік бірден өсті. Сол үшін көп алғысымды білдіремін.

Ел ағасы, құрметті ауыл еңбеккері, аты аңызға айналған диқанды дос-жаран, жолдастары да құттықтап, зор қошеметке бөледі. Өз кезегінде жиынның бас қаһарманы қуанышына ортақтасқан жандардың жылы ықыласына алғысын білдірді.

Геннадий Зенченко, ҚР Еңбек Ері:
– Менің дәрежемді көтеріп, атымды шығарып  отырған сіздерге мың да бір алғыс білдіремін. Бәріміз бірігіп әлі талай жетістіктерге жететінімізге сенімдімін. Көздеген мақсатымыз бір – еліміздің гүлденуіне аянбай еңбек ету.  

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Геннадий Зенченконың өскелең ұрпақты еңбекке, отансүйгіштікке тәрбиелеуді ұмытпайтынын ерекше атап өтті.

Жеңіс Ермұқанов