Қоғам

Ардагерлерге құрмет көрсетілді



 

Ер есімі – ел есінде!  Ұлы мейрамның бас қаһармандарының қатары күн санап сиреп барады. Өңіріміздегі желілік ішкі істер бөлімінде қызмет еткен 28 соғыс ардагерінің бүгінде үшеуінің ғана көзі тірі. Оның бірі – жүз жасаған Александр Тищенко. 1944 жылы Ленинград түбіндегі ұрыстардың алдыңғы шебінде жүрген қайсар жауынгер Балтық жағалауы елдерін жаудан тазартуда ерен ерлігімен көзге түсіпті.

Александр Тищенко, ҰОС ардагері:
– Ленинград қаласын азат етуге қосқан үлесім үшін “Қызыл жұлдыз” орденімен марапатталдым. Кенигсбергке жеткенде жараландым. Кейін туған Солтүстік Қазақстан өңіріне оралып мұндағы қоғамдық тәртіпті күзеттім.
Құқық қорғау органдарында 35 жылдық еңбек өтілім бар. Соғыстан кейін күйреген экономиканы көтеру оңай болмады. Бүгінде ерлігіміз зая кетпей, жас ұрпақтың үлкен ықыласына бөленіп отырмыз.  

Ел басына қара бұлт үйірілгенде Отан деген ыстық ұғыммен жігерленген жауынгерлер жеңіс үшін жаумен аянбай алысты. Сол отты жылдары “Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін” деген ұранмен жұмыс жасаған тыл еңбеккерлерінің де қаһармандық істері ұмытылмақ емес. Жау ел шақарасына баса көктеп кіргенде Әмірхан Бәйкенов не бары 12 жаста болыпты.

Әмірхан Бәйкенов, тыл еңбеккері:
Соғыс жылдарында колхозда жер жырттық, өгіз айдадық. Отанымызға көмек берейік деп күніне 18 сағат жұмыс істедік. Кейін 30 жыл 3 ай 10 күн жол бойындағы бөлімде істедім. Қазір 67 жыл соғыстың біткеніне. Тыныштықта, қуаныштамыз, тұрмысымыз жақсы. Бәрі бізді сыйлайды.  

Әмірхан Маханұлы сынды кешегі тәртіп сақшыларының бүгінгі ізбасарлары әдеттегідей Ұлы мейрам қарсаңында үлкендердің бастарын қосып, кең дастарқан жайып, «Ішкі істер органдарының құрметті ардагерлері» кеуде белгілерін табыстады.

Ержан Мезамбаев, Петропавл стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінің бастығы:
Бізде ардагерлер кеңесі бар. Әрдайым қоғамдық шаралардан шет қалмайды. Біздермен ұдайы кездесіп тәжірибелерімен бөлісіп тұрады. Олардың ақыл кеңестері біз үшін баға жетпес құндылық.  

Ардагерлер сұрапыл соғыс жылдары ұранға айналған сүйікті әндерін тыңдап, ерекше сүйсініп бір марқайып қалды. Қариялардың жүректері шаттанып, жүздерінде бір сәт жастық нұры ойнады.

Жеңіс Ермұқанов