Қоғам

90 жасқа келген майдангер


 

Соғыс басталған жылы Валентина Волкодав Украинаның Киев облысында оқуға түсуге құжат тапсырып жүріпті. Онда ол не бары 19 жаста екен.   Соғыс білім алуға мүмкіндік бермеді, соғыс басталмай жатып, ол өзінен екі жас кіші сіңлісінен көз жазып қалады.

 Валентина Волкодав, ҰОС ардагері:
– Соғыс басталғанда мен бір отрядқа, сіңлім екінші ортядқа бөлініп кеттік. Оның отряды Артемовскіге кетті. Осылайша екеуіміз бір-бірімізден көз жазып қалдық. Одан кейін мен үшін қаралы күндер басталды.

Кейіннен оның отбасы Харьков облысына көшіріліп, өрімдей қыз сол жерде әскер қатарына шақырылды. 41- механикаландырылған әскери-көпір отрядына қабылданған ол алғашында есепші, кейіннен ревизор-бақылаушы қызметін атқарған. Отрядтың негізгі қызметі – кеңес жауынгерлеріне жол ашып, көпір салу болатын.Өзінің болашақ жары Яков Митрофановичпен сол ауыр жұмыста жүріп танысады.

 Валентина Волкодав, ҰОС ардагері:
– Соғыс жылдары мен жолдасымның отрядына тап болдым. Ол маған көп көмек көрсетіп, көп нәрсеге үйрететін. Соғыс аяқталған соң екеуіміз отау құрдық.  

Соғыс жылдары көрген қиыншылықты ешкімнің басына бермесін дейді   әжей. Қанша адамға қайғы-қасірет әкелген зұлмат соғыс аяқталып, көптен күткен Жеңіс орнаған кезде Валентина Волкодав Берлин қаласында болыпты. Алайда, батыл қыз соғысты Қиыр Шығыста аяқтады. 1945 жылдың қазанында әскерден қайтарылып, сол жылы отбасын құрады. Көпті көріп, небір қиыншылықтарды бастан кешірген Валентина әжей бүгінде 90 жаста. Екі қызы мен 4 немересінің қызығын көріп отырған ол жыл сайын Жеңіс мерекесін аса тебіреніспен қуана қарсы алады.

Әспет Әбдірешова