Спорт

Үлкен футбол маусымы жалауын көтерді


Үлкен футбол ойынының жаңа маусымын ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров аяқ доп шеберлерінің бастамасына сәттілік тіледі.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
Құрметті ойыншылар, жанкүйерлер, сіздерді СҚО әкімі Серік Біләловтың атынан бүгінгі футбол лигасының ашылуымен құттықтаймын. Баршаңызға бүгінгі ойында сәттілік тілеймін.

Алғашқы турды жеңіліспен ашқысы келмеген қарсыластар бірден өткір қарымта шабуылдарға көшті. Алайда әрекеттері қақпаны торуылдаумен ғана тынып отырды. Кездесудің 15 минутында лашындықтар бірінші қауіп тудырып, соққы бағыттап көргенімен, бұл  әрекеттен де түк шықпады. Осылайша, ойыншылар үзіліске 0-0 есебімен тарасты.

 –Ойын жаман емес, бірақ футбол голдарымен қызықты ғой. Ұтымды сәттерді пайдалана алмай жатыр. Есеп ашылады деген үміттемін.
Өз алаңында бұлай ойнауға болмайды. Бізге тек қана жеңіс керек.  

Келесі бөлікте де ойын өрнегі өзгермей, есеп ашатын оңтайлы сәттерді екі жақтың тас қамалдай қорғаныс шебі орта жолдан тоқтатып отырды. Өстіп қақпа кілті табылмай командалар ұпай бөлісіп қайтты. Жеңіске деген құлшынысын өзгелерден тәуірірек таныта білген Ильдар Аитов кездесудің үздік ойыншысы атанды. Жергілікті аяқ доп шеберіне облыс әкімінің сыйақысы табысталды.

Ильдар Аитов, “Қызылжар” ФК жартылай қорғаушысы:
Негізінен командаластарым жақсы ойын өрнегін танытты. Бірақ гол соғудың мүмкіндігі тумады. Келесі кездесулерде тек жеңуге тырысамыз.

Сөзден іске көшетін енді бір мүмкіндік мамырдың 1-і күні туды. “Қызылжар” ФК өз алаңында Шымкент қаласының “Қыран” құрамасын қабылдады. Алғашқы турдың қорытындысы бойынша бірден турнир кестесінің 9 сатысына ығысқан жергілікті аяқ доп шеберлері сәтсіз ойынның орнын толтыру үшін ұпай ауадай қажет. Бұны жақсы түсінетін петропавлдықтар қарсыластың айып алаңынан шықпай қойды. Есеп 1-ші кезектің қосымша уақытында ғана  ашылды. Тек Шымкенттіктердің пайдасына. Кездесудің 50-ші минутында ғана есепті теңестіретін оңтайлы сәт туды. Мүмкіндікті шабуылшы Тимур Мөлдинов қалт жібермеді. Бұған онша саса қоймаған қарсылас қарымта шабуылдардың бірінде есепті еселеді. Көп ұзамай таразы басы тағы теңелді. Ала допты ұршықтай иірген Алексей Макаров қақпаға екінші голды дарытты. Қосымша уақыттың соңғы минутында қонақтар бұл жолы жауапсыз қалған үшінші голды соқты. Қорытынды есеп 3:2. Осылайша “Қызылжар” ФК кезекті ұпайды уыстарынан шығарып алды.

Рустам Идрисов, Қыран” ФК ойыншысы, Шымкент қаласы:
Бұл жеңіс оңайлықпен келмеді. Тең ойын болды. Қалай дегенде де ұпай бізде. Алдағы кездесулерде еселеуге тырысамыз.

Мамырдың 16-шы жұлдызында жергілікті аяқ доп шеберлері өз алаңында ҚР кубогы жолында Тараз қаласының құрамасымен тартысатын болады.

Жеңіс Ермұқанов