Білім

СҚМУ әскери кафедрасы отанқорғаушылар даярлау ісіне қомақты үлес қосып келеді

 

 

Қарудан ату ісін меңгеру – әскери дайындықтың негізі болып табылады. Сондықтан әскери кафедрада студенттерге бұл істің қыр-сырын жетік үйретуге үлкен көңіл бөлінеді. Олар сабақ барысында қарудан атудың тәртібі мен ережесін оқып, оны дұрыс пайдалануға машықтанады. Қаруды жылдам бөлшектеп, жинау да үлкен шеберлік мен дағдыны қажет етеді.

Геннадий Щеглов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ әскери кафедрасының аға оқытушысы:
Қарудан атуды меңгеру – негізгі пәндердің бірі. Командирлер жауынгерлерді ұрыс даласында қимылдауды дұрыс және сауатты үйретуі тиіс. Олар өз қаруларын жетік білулері керек. Оны қалай дұрыс пайдалануды меңгерулері тиіс. Бұл мақсатта бізде арнайы қондырғылар бар. Былтыр электрондық тир алынды, мұнымен қатар оқу-жаттығу қарулары бар.

Университет жанындағы әскери кафедра запастағы офицерлерді дайындайды. Оқу орнында мотоатқыштар құрылымдарының командирлері мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары әзірленеді. Студенттерді дайындау аптасына бір рет «әскери күн» әдісімен өткізіледі. Сөйтіп, олар екі жарым жыл бойы тактикалық, саптық, әскери-медициналық, техникалық дайындықты меңгеріп, жалпы әскери жарғыларды оқиды.  Бүгінде әскери кафедрада 283 адам оқып жатыр. Жасұлан Ақтай экономика факультетінің екінші курс студенті. Болашақ қаржыгер. Әзірге келешегін әскери өмірмен байланыстыруды жоспарламаса да, отан қорғаушы болғандықтан әскери дайындықтан өтуім міндет деп есептейді Жасұлан. Университет жанындағы әскери кафедра 1998 жылы ашылған. Осы уақытта оқу орны 2316 запастағы офицер дайындаған. Түлектердің сексеннен астамы қазірде еліміздің қарулы күштерінде қызмет етуде.

Файруз Давлетгиреев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ әскери кафедрасы бастығының орынбасары:
Мұнымен қатар түлектердің көпшілігі ішкі әскерлер, шекарашылар қатарында, өзге де әскери құрылымдарда қызмет етіп жатыр. Айту керек, олардың әскери дайындығы еліміздегі жоғары әскери оқу орнының түлектерінен еш кем емес. Кафедрада білікті мамандар даярлау үшін қажетті материалдық-техникалық база жабдықталған. Әскер машиналар, қару-жарақтар, өзге де студенттерді әскери дайындықтан өткізуде көмек болатын қондырғылар бар.  

Әскери кафедраны бітіргендер отан қорғаушылар үшін қажетті дайындықтан өтіп қана қоймай,  лейтенант  шенін алып шығады. Айта кетерлік жайт, 2005 жылдан әскери кафедра түлектеріне  лейтенант  әскери шенін беру тоқтатылған болатын. Биылдан бастап бұл жүйе қалпына келтіріліп отыр.

Айымгүл Әбілева