Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кардиология орталығы көптеген сырқаттарға денсаулық сыйлауда

 

 

Құрсақ қолқасының тромбоэмболиясымен орталыққа түскен науқастың аяғындағы қанайналым жүйесі бұзылып, осы мүшеге қанның келуі тоқтаған. Дәрігерлер операция арқылы құрсақ қолқасында ұйып қалған қанды алып тастауы тиіс. 1 сағатқа созылған ота сәтті аяқталды. Жалпы тамыр хирургиясы бөлімінде жылына шамамен 300-400 ота жасалады екен. 40 орынға шақталған бұл бөлім 2011 жылдың мамыр айында ашылыпты. Осы уақытта бөлім дәрігерлері бірқатар биіктерді бағындырған.

Сергей Череда, кардиологиялық орталықтың тамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты:
-Бүгінгі күні біздің бөлімшенің дәрігерлері тамыр хирургиясындағы барлық дерлік оталарды жасауға қауқарлы. Бұрын емделу үшін шетелге, не Астанаға жіберілетін азаматтарға өзіміз операция жасай аламыз. Алдағы уақытта да бөлімшеде жасалатын отаның санын ұлғайтуды көздеп отырмыз.

Раиса Кочеткова  мұнда үдемелі стенокардия, ІІІ дәрежелі артериялық гипертензия сырқатына шалдығып келген екен. Дәрігерлер ота арқылы науқасқа аортокоронарлық шунтілеу жасаған. Осыдан кейін Мамлют ауданы тұрғынының жағдайы біраз жақсарыпты.

Раиса Кочеткова,  науқас:
– Мұнда келгенде жағдайым нашар болатын. Дәрігерлер ота жасап емдеді. Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Орталықтың медициналық қызметкерлері өз істерін жақсы білетін азаматтар. Оларға ризамын.

Кардиологиялық орталық 2009 жылы ашылған. Мұнда 367 медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың 51-і  – дәрігер. Медициналық жабдықтармен қамтылуына республикалық бюджеттен 485 млн, ал облыс қазынасынан 25 млн теңге бөлінді. Осылайша өңірімізде жүрекке ота жасау мүмкіндігі туды.

Азамат Мағзұмов, кардиологиялық орталықтың бас дәрігері:
-2011 жылы 1388 коронографиялық зерттеу жасалынды. 251 сырқатқа жүрегіне стенттер қойылды. 140 сырқатқа аортокоронарлық шунтілеу  қойылды. Жүрегінде ақауы бар 25 науқасқа операция жасалынды. Мінеки, осылардың барлығын біздің дәрігерлеріміз өздері жасайды.

2011 жылдан орталықта консультациялық-диагностикалық-кардиологиялық бөлім жұмыс істейді. Мұнда ауыл тұрғындары келе алады. Бөлім дәрігерлерінің көмегіне айына шамамен 1,5 мың адам жүгінеді екен.

Айдана Демесінова