Қоғам

Бір ай бойы өзенде балық аулауға болмайды


 

Балық аулауға тыйым салынғанымен, балықшылардың барлығы бірдей бұл ережені сақтамайды,- дейді экологтар. Рейдке шыққандар Есіл өзенінің бойын бақылады.  Біздің облысымыздағы өзеннің ұзындығы – 700 км астам. Рейдке бірнеше топ шықса да браконьерлерді ұстай алмады. Алайда олардың өзен жағалауына орнатқан ауын тәркіледі. Мұның барлығы қоймаға жіберілмек.

Марат Есімсейітов, СҚО бойынша балық инспекциясы бөлімінің бастығы:
Ірі су қоймаларында балық қорғау бекеттері орналасқан. Апта сайын Есіл өзенінің бойын бақылап, рейд ұйымдастырамыз. Бір апта бұрын Ақмола облысының шекарасынан Сергеевка су қоймасына дейін тексеріс жүргіздік. Ресей шекарасына дейін де осындай жұмыстар жүргіземіз.

Браконьерліктің бір оқиғасы сотта қаралуда. Өткен бейсенбі күні балық инспекторлары заңсыз 8 килограмм балық аулаған азаматты қолға түсірді.

Айдос Кеңбейілов, СҚО табиғат қорғау прокурорының көмекшісі:
Тыйым салынған уақытта заңсыз балық аулаған азаматтар ҚР әкімшілік кодексінің 298 бабына сәйкес әкімшілік жазаға тартылып,  10-нан 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.  

Өңірімізде өзендегі балықтың барлық түрін аулауға алғаш рет тыйым салынып отыр. Осыған дейін белгілі бір уақытта балықтардың кейбір түрін ғана ұстауға болмайтын. Алайда браконьерлердің қармағына асыл тұқымды балықтар да түсуі мүмкін. Көлдегі балықтарды аулауға болады. Алайда шортан, аққайран, көксерке балықтарын ұстауға болмайтынын ұмытпаған жөн.

Айдана Демесінова