Спорт

Ат спортынан маусымашар жарыс

Бәйге маусымы ұлттық ойындар – қыз қуу мен теңге алуды тамашалаудан басталды. Тұлпарлардың қыр-сырын жетік меңгерген қыздар жиылған қауымды жорға жарыспен де тәнті етті.

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған додамен жұртшылықты облыс әкімі Серік Біләлов құттықтап, шабандоздарға сәттілік тіледі.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
Ұлттық спорт – ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыздың бірі. «Ат-адамның серігі» демекші, тұлпар баптап, бәйгеге қосу дәстүрі күні бүгінге дейін жалғасын табуда. Облысымызда асыл тұқымды жылқы өсіріп, баптайтын азаматтар қатары жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі ат жарысына қатысушыларға сәттілік тілеймін.

Сәйгүліктердің арасында мыңнан жүйріктері бәйгенің 8 түрінен анықталды. Алғашқысы – ұшқыр бәйге. Жарыс талабы бойынша қатысушылар 1 600 метр қашықтықты бағындырулары тиіс. Яғни, бір айналым жасау қажет. Бұл сында Ғ.Мүсірепов ауданының тұлпары ең жүйрік атанды. Ал “Құнан” бәйге жарысында «Ласвегас» мойын оздырып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Бұл оның мұндай жарысқа алғаш қатысуы дейді қызылжарлық шабандоз Фархат Жалиев.

Фархат Жалиев, шабандоз:
Аттардың бәрі мықты. Бірақ жеңіс бізге бұйырды.   Қатысқаныма 7 жыл болды. Жүлделі орындарды иеленудемін.

Бұдан кейін ұйымдастырылған 3 жастағы желіс аттары, жорға жарыс, тоқ бәйгеде жеңісті солтүстікқазақстандық сәйгүліктер иеленді. Халықтың тағатсыздана күткен 12 шақырымдық аламан бәйгесіне де кезек жетті. Жарыс жолына 6 сәйгүлік шықты. Алғашқы айналымдарда 16-шы нөмірлі қызылжарлық «Панчо» алға шықты. Дегенмен жарыс нәтижесі мүлдем өзгеше болды. Мәре сызығына жетуге аз-ақ қалғанда 17-ші және 29-шы нөмірлі сәйгүліктердің бәсекелестігі арта түсті. Алайда тимирязевтық «Қаршыға» бірер секундқа озып үлгерді. Шабандоздарға жеңімпаз кубогы, диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Елшат Барменқұлов, шабандоз:
Осы спортпен айналысып жүргеніме 7-8 жыл болды.  Бастапқы 2-3 айналым қиын болды. Бағым жанып, бірінші келдім.  

Бәйге десе ішкен асын жерге қояр қауым үшін тағы бір жаңалық – биыл маусымның 6-да елімізде ең үлкен аламан бәйге өтпек. Мұндай жарыс сонау 1876 жылдан бері ұйымдастырылмапты. Ат бәйгесінің басты ерекшелігі – сәйгүліктер шеңбер айнала жарыспай, 45 шақырым қашықтықты тура жолмен бағындырады деп күтілуде.

Инеш Шоқақова