Қоғам

Қазақстан халқының бірлігі күні (арнайы репортаж)

 “Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады”. Мемлекетімізде тұрып жатқан көптеген ұлттар мен ұлыстар тәуелсіздік жылдары ішінде ынтымағы жарасып, татулық бесігінде тербеліп келеді. Бұл мереке – ырыс пен ынтымақтың, бейбітшілік пен келісімнің мерекесі. Бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні – бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел азаматтары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүріне, көпшілік асыға күтер шаттық мейрамына айналған. Халық бірлігінің мерекесі еліміздегі ұлт пен ұлыстардың татулығын, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты паш етеді. Осылайша, татулық пен береке орнаған бейбіт елдің азаматтары осынау шуақты мерекені бірге атап өту үшін тәуелсіздік алаңына жиналды. Қалың жұртшылықты достық пен бірлік мерекесімен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

 

 

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Еліміздегі тұрақтылық пен татулықты сақтауда бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы ерекше. Ұлыстарды ұйыстырып, өзара ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосып келеді.

 

Ұлтаралық татулықты бекітуге атсалысып отырған ұлттық-мәдени орталықтардың төрағаларына облыс әкімі сыйақы табыс етті. Өңір басшысы бірқатар отбасыларына да сыйлық тапсырды. Андрей мен Вера Кохтың шаңырақ құрып, тату-тәтті өмір сүріп жатқандарына 25 жыл. Олар 11 бала тәрбиелеп отыр.

  Андрей Кох:
Ұлтым – неміс, ал әйелім – украин. Көп жылдан бері сыйластық пен түсіністікте өмір сүріп жатырмыз. Балаларымыз өсіп келе жатыр. Олардың болашағының жарқын болатынына сенімдімін. Өйткені халқының достығы мен келісімі жарасқан елдің келешегі кемел болары сөзсіз.

Еліміздегі бірлік пен ынтымақты сахнадағы көрініс те айғақтайды. Өнер ұжымдары бір шаңырақ астында ауызбіршілікте өмір сүріп жатқан түрлі ұлттардың биін билеп, әнін шырқады. Еліміздегі ұлтаралық татулық мен ынтымақ өзгелерге үлгі боларлықтай. Қалың көпшіліктің ойы осыған тоғысады. Дәстүрлі құндылықтарды, өзара құрметті сақтау маңызды. Осынау үлкен мерекеде өңір халқы елімізге  ақ тілектерін жолдап жатты. “Байлық – байлық емес, бірлік-байлық” дегендей, еліміздің дамуында  тұрақтылық пен келісім  ең негізгі құндылық болып қала бермек. Өйткені, бірлігі бекем, ынтымағы берік елдің  келешегі кемел болары даусыз.

 

 

   Тәуелсіз елдің басты байлығы бірлігі жарасқан  халық. Өңірімізде 100-ден артық ұлт өкілдері 90-ға тарта этно-мәдени орталықтар құрып, ынтымақтастықта өмір сүріп жатыр.

 

Нәсілі, тілі, діні, салты мен мәдениеті әр түрлі болғанымен мақсаттары ортақ. Төртеу түгел болса төбедегі келеді. Егеменді біртұтас елдің білімді де жігерлі ұрпағы бір адамдай жұмылып, достық шеруінде осыны тағы бір айшықтап өтті. Жас та болса әрбірі өзінше Отанының гүлденуіне үлес қосуда.

– Қазақстан үлкен табыстарға жетті . Оның бәрі халық бірлігінің арқасы. Осы достықты сақтап біз еліміздің гүлденуіне өз үлесімізді қосамыз.
– Қазақстан менің 2-ші Отаным. Мен мұнда сапалы білім алдым. Енді оны ел дамуына жұмсаймын. Мұнда маған туған тілімді, дінімді ұмытпауға да бар жағдайлар жасалған.

Бірлік түбі – береке! Ортақ думанда қаз-қатар қанат жайған этно-мәдени орталықтар  бірлігі жарасып, біте-қайнасқан ауыл іспеттес. Ошақ басында ұлттық тағамдар әзірленді. Қоғамдық бірлестіктер өкілдері қадірменді меймандарды әуелеген әнмен қарсы алып, қонақжайлықтарын барынша танытуға тырысып бағуда. Ағайын-туыс-көрші-қолаң төс қағыстырып жылы лебіздерін жолдап жатыр. Тілдері басқа болғанымен тілеулері бір : “Қазақстан халқының ауызбіршілігі ұзағынан жасасын”.  Бауырмал қазақ халқы қаймағы бұзылмаған ұлтаралық келісімді көздің қарашығындай сақтайды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қалыптасқан тарих  бүгінгі даму мен жарқын болашақ та бірге құрылуы тиіс. Ақ батасын берген аға буын өкілдері ынтымақтың баянды, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалуын қалайды. Шұрайлы өңірдің шеберлері де ұлттық қолданбалы қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды. Он саусағынан өнер тамған алтын қол жерлестеріміздің әр туындысы ұлттық нақышта әзірленіп, шежірелі тарихымыздан сыр шертеді.
Орталық алаңда думанды шараға жиналғандар концертті тамашалады. Әуенді де әуезді кеш қонақтары белсенді жастардың “Біз біргеміз” атты фотосурет байқауына қатысты. Ал орталық демалыс саябағында қуыршақтар театрының  әртістері бүлдіршіндердің көңілін аулауға тырысып бақты. Осылайша сауық құрған еңкейген қариядан, еңбектеген сәбиге дейін өз ермегін тапты. Бастысы ортақ мереке бір шаңырақ астындағы берекелі халықтың татулығын тағы бір паш етті.

   Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесінің ажарын ашуға өңір спортшылары да атсалысты.  Петропавлда 100-ге тарта үздік велошабандоз  өзара бақ сынады.

Әуелі Ш.Уалиханов көшесіндегі тасжолда 12 жастағы бүлдіршіндер сап түзеді. Критериум сынында өздеріне тиісті 3,5 шақырым жолды олар мақтауға тұрарлық жақсы көрсеткішпен жүріп өтті. Бірінші айналымның нәтижесі бойынша қыздар арасында Махаббат Үмітжанова  жақсы көрсеткішпен келді.  Қоржынында бірнеше халықаралық додалардың жүлдесі бар 17 жасар спортшы Малайзияда өткен Азия чемпионатына қатысып, үздіктер қатарынан көрінген.

Махаббат Үмітжанова, облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушысы:

– Бұл жарыс түрімен айналысып жүргеніме 5 жыл. Нәтижелерім де жақсы. Осы жылы спорт шебері атағын алдым.

Ал ұлдар 10-15 шақырымды бағындыруы тиіс. Мереке күні ұйымдастырлған додаға қатысушы әрбір велоспортшы жеңіске жетуге тырысты.

– Бұл жарысқа көп дайындалдым. жақсы көрсеткішпен келемін деп үміттенемін.

– Велоспорт жарысы маған ұнайды. Бұл сында ең бастысы алға мақсат қоя білу, сонда ғана жеңіске жете аласың.

-Маған критериум жарысы ұнайды, себебі  бұнда жалғыз өзің жарысып, бар күшіңді саласың. Барлық қазақстандықтарды бірлік күнімен құттықтаймын.

Критериум жарысына түсушілер жастарына қарай 4 топқа бөлінген. Велошабандоздар өздеріне берілген арақашықтықты аз уақытта жүріп өтулері керек. Жақсы нәтиже көрсеткендер алдағы уақытта облыс құрамасына алынатын болды.

Владимир Парахин, велоспорттан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

-Осы доданың нәтижесінде үздіктер іріктелетін болады. Ең мықты велошабандоздар облыс құрамасына  алынып, алдағы жарыстарда өңір намысын қорғайды.

Ал орталық алаңда ұйымдастырылған ұлттық ойындар мерекенің көркін қыздыра түсті. Ертеден келе жатқан асық ойыны қазіргі жеткіншектерге таңсық емес. Асықтың «шік», «бүк», «алшы», «таған», сынды 4 бұрышы бар. Әрбір ойыншы асықты «тағанынан» немесе «алшысынан» түсіруге міндетті түрде тырысу керек. Бұл сында Ерасыл топ жарды.

Ерасыл Наматов:

– Қазақстанда тұратын халықтарды мерекемен құттықтаймын. Осы достық мерекесінде барлық халық татуласып, бір жанұя құрайды.

Шыдамдылық пен төзімділік, дәлдікті қажет ететін асық ойынына Вероника Окладникова алғаш рет қатысып отыр. Ол ойынның ұтымды тұстарын өзіне белгілеп алыпты.

Вероника Окладникова:

– Менің оймша, асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды.

Дода соңында жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.

Айымгүл Әбілева,  Жеңіс Ермұқанов,  Әсел Күшенғалиева