Қоғам

Сыйластығы жарасқан отбасы



 

Атилла және Олеся Аялптар осыдан он жыл бұрын танысқан екен. 5 айдан кейін отау тігіп, шаңырақ көтеруге бел буыпты. Екі жақтың ата-анасы да балаларының таңдауын құптаған. Екеуі бір ұлттың өкілі болмаса да махаббатының, бір-біріне деген сүйіспеншілігінің арқасында босағасы берік жанұя құрған. «Жарым түрік халқының мәдениетін, ұлттық тағамдарды әзірлеуді тез үйреніп алды», дейді отағасы.

Атилла Аялп:
Олеся түрік тілінде еркін сөйлей алады. Біздің мәдениетімізді тану оған еш қиындық туғызбады. Түркияға жиі барамыз. 2 ұлттың асыл қасиеттерін балаларымыздың бойына дарытуға тырысамыз.

Олеся өзге ұлт өкілімен отау құру қиын екенін жасырмады. Дегенмен сыйластықтың, сүйіспеншіліктің арқасында бар сыннан сүрінбей өтуге болады дейді ол. Бастысы шаңырақ иесінің бар бастамасын қолдап, құрметтеп, оған түсіністік таныту.

Олеся Аялп:
– Әрине өте қиын. Түрік және орыс халқының менталитеті ерекшеленеді. Сондақтан кей кездері қиындықтар туындап жатады. Алайда біз бір-бірімізді түсінуге тырысып, бір шешімге келеміз. Шығыс халқында үйдің иесі -еркек. Сондықтан оның айтқаны нәзік жандар үшін заң болуы тиіс.

Аялптар жанұясы Айлин және Ясмин есімді 2 қызды тәрбиелеп келеді. Олардың жарқын өмірі үшін қолынан келгенін жасауда. Мәселен Айлиннің бөлмесі безендірілуі бойынша ханшайымдікінен кем емес. Қыздар да өз кезегінде ата-анасының үмітін ақтауға тырысуда. Айлин кәсіби сәнді бимен айналысады. Қол жеткізген жетістіктерін  алқалардан да байқауға болады. 3 тілді жетік меңгерген 9 жасар қыз болашақ мамандығын таңдап қойыпты.

Айлин Аялп:
-Мен аудармашы болғым келеді. Шет елдерге барғым келеді. Түркие елі ұнайды. Өйткені онда туыстарым көп. Түрік телехикаяларын көруді ұнатамын.

Түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына біріктірген Қазақстанда өз отауын құрған жанұя 3 халықтың мәдениетін де балаларының бойына дарытуда.

Айдана Демесінова