Білім

Студенттердің ғылыми ізденістері

 

 

 

Залға тарих және құқық факультетінің студенттері мен оқытушылары жиылды. Олар тарих және заң саласында жазған ғылыми зерттеу жұмыстарын ортақ талқыға салмақ.

Людмила Гривенная, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих және заң факультеті деканының орынбасары:
– Осындай шараны біз қатарынан үшінші жыл өткізіп келеміз. Бір жыл бойы түрлі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, зерттеулер жүргіздік және оларды республикалық конкурстарға жіберіп отырамыз. Осы орайда бүгін біз оқытушылар мен студенттердің жұмыстарын қорытындылап, баға бермекпіз.

Барлығы шараға 22 студент қатысты. Солардың бірі – Нина Велижинская. Биылғы жылы оқу ордасын тәмамдағалы отырған түлектің 3 бірдей еңбегі жас ғалымдардың арасында жоғары бағаланып, «Ең үздік зерттеуші-студент» атанып отыр.

Нина Велижинская, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Бүгінгі таңда сапалы білімді Қазақстанның түрлі ЖОО-да алуға болады. Мектеп бітірушілердің университеттерге түсіп білім алуы үшін бөлінетін гранттар да артып келеді. Біздің университетте түрлі ұлт өкілдері оқиды. Олардың барлығына тең жағдай жасалған.

Университеттің студенттердің ғылыми қоғамы «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы, “Коперник” поляк орталығы сынды көптеген ұйымдармен бірлесе жұмыс істейді.

Идрис Картал, «Түрік мәдениеті» қоғамдық ұйымының төрағасы:
– Бірнеше жылдан бері біз университетпен тығыз қарым-қатынас жасап келеміз. Жастар – Қазақстанның болашағы. Елбасымыздың саясатына сай халқымыз бірлікте, ынтымақтастықта өмір сүруде. Барлығыңызды алда келе жатқан Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтаймын.

Аталмыш шараны ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда студенттердің ғылыми зерттеуге ден қоюы келешекте өз жемісін бермек.

Әспет Әбдірешова