Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс орталығы одан әрі абаттандырылады


 

Өңір жетекшісі алдымен қаламыздың көрікті орындарының біріне айналған Пестрое көлінің маңын абаттандыру жоспарымен танысты. Жағажайда орналасқан бұл саябақтың қазығы – “Солтүстік жұлдызы” атты стеласы. Айналасында халықтың демалуына бар жағдай жасалған. Ағаш көшеттері отырғызылып, кеспе тас төселді. Тарихи композициялық мүсіндер орнатылып, балалар алаңқайлары салынды. Енді кешенді одан бетер көріктендіру мақсатында жағажайдың оң және сол қанатын кеңейту жұмыстары көзделіп отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Алдымен 4 Га аумақты тазалап жөнге келтіру керек. Көлге орманды бойлай тура жол тартылса жақсы болады. Автотұрақ орнатып, балалар дәмханасы салынады деп жоспарланып отыр. Мына аумақты жағажайға айналдыру керек. Өйткені қазіргі шомылатын жер қалалықтарға тым тар.

Саябақта ересектердің еркін тынығып, бала-шағаның ойнауы үшін алдымен көлді қамыс-қоғадан арылтып, жерді тегістеп құм төсеу керек. Нысандар жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс. Алайда мұны қолға аламыз деп ниет танытқан кәсіпкерлер межеленген жоспарға іліге алмай қалатын түрлері бар. Уақыт күттірмейтін игі іс әлі басталмаптыда.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Инвесторларды тарту керек деп ойлаймын. Жобаны өзіміздің бизнес иелері жасағаны дұрыс болар еді. Алайда бұл қарқынмен келесі жылы да түк тындырылмайды. Халыққа аса қажет жағажайды биыл тапсыру керек.

Сондай-ақ осы арада аймақ басшысы саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдері қашалып жазылатын естелік қабырғасының алғашқы тасының үлгісімен танысты. Серік Біләлов бастамаға оң бағасын беріп монументті уақытында тапсыруды жүктеді.
Өңір жетекшісі жұмыс сапарының барысында вокзал аумағында бос орынды абаттандыру жобасымен танысты. Иесі бұл жерді көріктендіруге ұзақ жылдар бойы көңіл бөлмеген. Қазір ол тұрғылықты мекені жоқ жандардың жиналатын орнына айналып, қоқысқа толып қалған. Соттың шешімімен жер телімі мемлекеттің меншігіне аударылды. Енді қала басшылығының қарауындағы аумақта саябақ тұрғызылады.
 

Жеңіс Ермұқанов