Қоғам

Бірлік мерекесінің бағдарламасы



 

Үлкен мереке “Тәуелсіздік” стеласының маңында ұйымдастырылмақ. Барлық этно-мәдени орталықтар   шеруі мерекенің шымылдығын ашады. Дәл осы маңда ашық аспан астында құрылған сахнада өнер майталмандары жиналған қауымға ұлттық тарихымыздан сыр шертер театрландырылған қойылым ұсынады.

Алма Банных, Петропавл қалалық мәдениет үйі директорының орынбасары:
– Бұл күні сондай-ақ орталық демалыс саябағында бүлдіршіндерге қуыршақтар театрының әртістері мерекелік спектакль ұсынады. Орталық алаңда облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы өз өнерлерін көрсетеді.

Ал “Абай-Пушкин” ескерткішінің маңында қала қонақтары мен петропавлдықтарға облыстық филармонияның симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен отандық және әлем классиктерінің шығармаларын тыңдау мүмкіндігі тимек. Қазақстан Конституциясы көшесінің бойындағы көрмеге ұлттық қолданбалы қолөнер шеберлерінің және үздік фотосуретшілердің тың туындылары қойылады.

Алма Банных, Петропавл қалалық мәдениет үйі директорының орынбасары:
– Сағат 16: 00-де демалыс саябағының алаңында ҰОС ардагерлері мен еңбек ардагерлеріне арналған ретро әндер кеші өтеді. Аға буын өкілдері жастық шақтарына саяхат жасау үшін өңіріміздің үздік деген әншілері музыка тарихында қалған өшпес туындыларды орындайды.

Сағат 19:00-де әуезді де әуенді шаралар “Тәуелсіздік алаңындағы” көңілді тапқырлар клубы мүшелерінің ұтымды қалжыңдары мен би кешіне ұласады.
жалпы ортақ мерекенің сәнін келтіру үшін 300-ге тарта өнерлі де белсенді солтүстікқазақстандық жұмылдырылмақ.

– Өңірімізді көптеген халықтар мекен етеді. 1-ші мамыр күні барлығымыз ортақ мерекені тойлау үшін алаңға шығамыз. Бірлік бар жерде тірлік бар. Бәріміздің мақсатымыз отанымызға еңбек ету.
– Біз әдеттегідей сүйікті мерекемізде демалыс саябағына шығып халықпен бірге сауық құрамыз. Қаламыз жыл сайын гүлденіп келеді. Бұл түрлі ұлт өкілдерінің ауызбіршілігінің арқасы. Бірлігіміз ұзағынан жасасын.

Жеңіс Ермұқанов