Білім

Жеткіншектер үлкен өмірге дайын ба?


 

PISA (Programme for International Student Assessment) халықаралық зерттеуі елімізде 2009 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Оқушылардың білім жетістіктерін бағалайтын бұл бағдарламаны Халықаралық Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы 2000 жылы енгізген. Бүгінде бұл зерттеуге әлемнің 67 елі қатысады екен.

Күнсұлу Шәрбанова, Ұлттық білім беру статистикасы және бағалау орталығы халықаралық зерттеулер зертханасының сарапшысы:
– Халықаралық PISA-2012 зерттеуі оқушылардың білім жетістігін бағалауға арналған. Бұл жерде біз мектеп бағдарламасын емес, балалардың өз білімдерін қазіргі өмір жағдайларына қалай бейімдейтіндігін бақылаймыз. Тест тапсырмалары қалыптасқан стандартқа сай емес, логикаға құрылған.

Бағдарлама шарты бойынша зерттеу сұрақтарын орындауға 15 жастағы оқушылар ғана қатыса алады. Бүгін осы сында өз мүмкіндіктерін көрсету – №1жалпы білім беретін мектеп-интернат  тәрбиеленушілерінің алдында тұрған басты міндет.
Оқушыларға тест тапсырмаларын орындау үшін 3 сағат 15 минут беріледі. 9-сынып оқушысы Гаухар Нұржауыпова мен оның өзге қатарластары алда тұрған сынаққа аса жауапкершілікпен қарау керектігін айтады.

Гаухар Нұржауыпова, №1 жалпы білім беретін мектеп-интернат оқушысы:
– Біз үшін мұндай зерттеуге қатысу үлкен абырой. Әрине қобалжу да жоқ емес. Дегенмен тест тапсырмаларын орындау қолымыздан келеді деп ойлаймын.

Білім алушылар математика, жаратылыстану пәндері және оқу сауаттылығы деп аталатын 3 бөлім бойынша сыналады. Зерттеу бағдарламасына қатысушылармен мектепте бұған дейін тиісті дайындық жұмыстары да жүргізіліпті.

Александр Плотко, №1 жалпы білім беретін мектеп-интернат директоры:
– Мектебіміз осы бағдарламаға қатысатыны белгілі болған уақыттан бері оқушылармен жұмыс жүргіздік. Оның үстіне биыл зерттеу математикаға бағытталып отыр. Оқушыларға берілетін тапсырмалар құпия түрде сақталатындықтан, алдын-ала қандай сұрақтар келетінін білген жоқпыз. Дегенмен балалар сауалнамада берілген сұрақтарға жауап бере алады деген ойдамын.

Жалпы бұл бағдарламаға Қазақстанның 218 білім беру ұйымынан 5000-нан астам оқушы қатысады. Ал оның нәтижесі бір жылдан кейін белгілі болмақ.

Әспет Әбдірешова