Энергетика

Жаңа станция салынып жатыр

 

 

Бұл жерде 7 айдан соң қуаттылығы 2-3 ықшам ауданды электр энергиясымен қамтуға жеткілікті жаңа шағын станса қолданысқа берілмек. Ол облыс орталығындағы кәсіпорындарға қызмет ететін болады. Осының арқасында зауыттар мен кәсіпорындардың өндіріс көлемі мен қуаттылығы артпақ. Аталмыш стансаға қосылуға қазірдің өзінде 13 кәсіпорын өтініш білдіріпті. «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» солардың бірі.

Наталья Белова,«Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС директорының орынбасары:
-Біздің зауыт 2010 жылы 844 млн теңгенің өнімін шығарған болатын.
Ал өткен жылы өндіріс көлемі 2 млрд теңгені құрады. Жұмысты одан да қарқынды жүргізу үшін электр энергиясының қуаттылығын арттыру маңызды.

Кездесу барысында кәсіпкерлерді мазалап жүрген бірқатар мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Жеке бизнес иелерін негізінен шағын стансадан кәсіпорынға дейін электр желісін тарту алаңдатып отыр.

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:
Қазіргі таңда заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді бюджеттік қаражаттың есебінен бизнесті дамытуға болады. Біз 10 мВт қуаттылығы бар станса салмақпыз. Оның қосымша 3 мВт қоры болады. Ал сіздерге стансаға қосылу ғана қалады.

Шағын стансаның құрылысына қажетті алғашқы материалдар жеткізілген. «Фирма Элстрой» ЖШС-нің 12 жұмысшысы еңбектенуде. Аталмыш мекеме шағын стансалар салуға маманданған. Сондықтан «Фирма Элстрой» серіктестігінің атқарушы директоры Николай Пан нысан уақытында тапсырылады дейді.

Николай Пан, «Фирма Элстрой» ЖШС атқарушы директоры:
Бұл біздің СҚО-да салып жатқан алғашқы стансамыз емес. Сапалы құрылыс материалдарымен жұмыс істеудеміз. Қараша айында нысанды қолданысқа тапсыратын боламыз.  

Стансаның іске қосылуы жаңа және тұрақты жұмыс орындарының пайда болуына жол ашпақ.

 Инеш Шоқақова